Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
зін-зі тану маліміне арналан хрестоматия I ТОМ СИЕТ ГІМЕЛЕР.docx
Скачиваний:
7
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

Қарлығаш пен шөже торғай

Б. Тұрсынбаев

Қарлығаш жайбарақат демалып, бір ағаштың бұтағында отыр еді. «Шыжық-шыжық» деп, мазасы кетіп, тыныш таппай қарлығаштың қасына шөже торғай келіп қонды. Қипықтап оны бір, мұны бір сөйлеп, шыдамсызданып біраз отырды. Елпілдеп, желпілдеп, сабырсыздана құйрығын тұштақтатып, қарлығаштың бетіне қарап:

– Бауырым қарлығаш! Сізден бір сұрақ сұрамақшы болып көптен ойланып жүр едім. Өзім өте асығыспын. Сізді көрген соң, бұрылдым, – дейді.

– Шөжеке, асығыс болсаң, айта бер. Білсем айтайын, білмесем – айыпқа бұйырма, – деп жауап қайырады қарлығаш.

Шөже торғай аузы жып-жып етіп:

– Бауырым, бауырым, – деп, бір сөзін бірнеше рет қайталады. Қарлығашты шыр айналып, бұтақтан-бұтаққа секірді. Бірінің басын, бірінің аяғын айтып, берекесізденіп отырып:

– Сіз осы адам баласына өте жақын жүресіз. Адам отырған үйге жұмыртқа басып, балапан шығарасыз. Олар сізге де, сіздің балапандарыңызға да тимейді.Балалары да сіздерді сыйлайды. Бізді көрсе кесек лақтырып, садақпен атып, мазамызды алады. Сіздердің адам баласына қандай жақындықтарыңыз бар? Әлде сіздер олардың тілін білесіздер ме? Ал біз болсақ, қысы-жазы есігінің алдынан, үйінің маңынан кетпейміз. Сонда да адам баласымен үйірлесе алмай қойдық. Осының не сыры бар, ұғындырып беріңізші, – депті.

Қарлығаш шөже торғайға мысқылдай күле қарап:

– Әй, шөже-ай! – деп сөз бастайды. Көп сөз, ұшқалақ мінезден не пайда? Адам баласын қойып, сені жаратылысымыз жақын мен де ұнатпай отырмын. Кімге болса да біреумен үйлесу үшін мінез керек емсе пе? Осы жеңілтек, ұшқалақ, тиянақсыз мінезіңмен сен қайда симақшысың? Тазалықтан тарыдай хабарың жоқ. Көрінген жерге саңғып, көніңді шашып, бұрқыратасың кеп. Шошаңдап, көрінгенді шоқып, жалақ қағасың да жүресің. Қайта адам баласы сендерді үйлерінің маңайына жібергеніне неге рахмет айтпайсыңдар?! Біз сыпайы тәртіппен орынды сөйлеп, «шіжіктеп, піжіктемей-ақ», еппен кіріп, еппен шығамыз. Қанатымыздың дыбысы да естілмейді. Дөрекі, орынсыз сөйлей бергенді кім жаратады. Біздің өзіміз түгіл, балапанымызды аяғынан қылмен матастырып, байлап қоямыз. Баланы да бетімен сөйлетіп, орынсыз іске үйретіп, дағдыландырмау керек. Қысқасы, біздің адам баласына иненің жасуындай да зиянымыз жоқ. Көршінің көңіліне қарай білсең, ол да сені өмірі ренжітпейді. Міне, адам баласы бізді осы қылығымыздан жақсы көреді, – депті қарлығаш.

Шөже торғай мойнына алғандай, аз ойланып отырып:

– Олай болса, біз ешкіммен де үйлесе алмайды екенбіз. Жастан шулап, бейбас болып өскенбіз, – деп ұшуға ыңғайланғанда, қарлығаш оның бетіне қарап:

– Шөжеке! Өз мінезің өзіңе ұнамаса, басқа біреуге қалай ұнасын?! – депті.

  • Қарлығаш пен шөже торғайдың арасындағы әңгіме не туралы болды?

  • Адамдардың бір-біріне қамқорлықпен қызмет етіп, көмек беруінің себебі неде?

  • Жағымсыз мінездің адам өміріне тигізетін зияны туралы не айтар едіңдер?

  • Қарлығаштың бойындағы қасиеттер сенің бойыңнан табылады ма? Әңгімелеп бер.

1.5.3 Орта буын оқушыларына арналған әңгімелер, оқиғалар, ертегілер, ұлы адамдардың өмірбаяны

Жан Ана

Е. Көсеоғлұ, аударған С. Дағайқызы

Ерте, ерте, ертеде қалаға жақын ауылда бір Жан Ана өмір сүріпті. Жан Ананың негізгі есімін ешкім білмейді екен. Алтындай жүрегі болғандықтан ауылд адамдары оны Жан Ана деп атап кетіпті.

Жан Ананың баласы жоқ екен. Бірақ ол ауылдың бүкіл баласын жанындай жақсы көріп, оларға ертегі айтып, ойыншық жасап береді екен. Сондықтан да ауыл адамдарына қол ұшын беруге әрқашан дайын болыпты. Жұмыстары басынан асып жатқандар да Жан Анаға «Бүгін ісіміз көп, келіп біраз көмек бересің бе?» - деп өтініш білдіреді екен. Жан Ана ақыл сұрағанына ақыл, көмек сұрағанына қуана-қуана қол ұшын береді екен.

Уақыт өте келе ауылдағылар Жан Ананың жақсылығын ұмытып, кһмектесу оның міндеті деп ойлай бастапты. Әрі Жан Анаға барып бұрынғыдай өтінудің орнына «Жан Ана, бізге келіп көмек бер!» - деп бұйыра бастапты.

Жан Ана олардың бұл қылығына мүлде ренжімейді екен. Үлкен бір ауыл, жалғыз бір Жан Ана, қайсыбірінің ісіне жүгіріп, қайсыбірінің дертіне ортақ болсын. Қанша тырысса да, барлығының ісіне үлгермепті. Тіпті жанындай жақсы көрген балаларға да көңіл бөле алмапты. Жан ана көмекке бара алмаған ауыл тұрғындары есігіне келіп: «Ей, Жан Ана, неге бізге көмекке келмедің? Біз сені жақсы бір адам екен деп жүрсек» - деп жазғыра бастайды. Бейшара Жан Ана ешкімнің көңілін қалдырмайын деп жүріп күндердің бірінде науқастанып қалады.

Ауыл тұрғындары оған көмектесудің орнына, «Кішкене бір аурудан төсек тартып жатуға бола ма?» - деген екен. Бұл сөздерді естіп Жан Ана қапа болыпты. «Ертегі айтып, ойыншық та жасамаймын. Ең дұрысы бұл ауылдан кетейін» - деп ойлайған екен. Түн ортасы киімдерін, жейтін азығын алып, үн-түнсіз ауылдан кетпек екен. Ертеңіне ауыл тұрғындары әдеттегідей азанымен Жан Ананың үйіне барған екен. Үйге келсе ешкім жоқ, бос тұрғанын көріп таң қалыпты. «Енді Жан Анасыз қалай күн көреміз? Ісімізге кім көмек беріп, бізге кім ақылшы болады?» - деп қайғырыпты. Міне, осы кезде ғана қателіктерін аңғарып, Жан Ананың қадірін түсінген екен. Жан Анаға бір ауыз алғыс айта алмағандарына қатты өкініпті.

Оны қайта іздеп тауып, онымен жақсы қарым-қатынаста болуды ұйғарыпты. Бірақ қаншалықты іздестірсе де, Жан Ананы көрген ешкім болмапты. Қымбатты балалар! Іштеріңде оны көргендерің бар ма? Егер Жан Ананы көрсеңдер, жасаған жақсылықтары үшін алғыс айтуды ұмытпаңдар, жарай ма?

  • Жан Ананың сүйіспеншілігін немен түсіндіруге болады?

  • Неліктен ауыл адамдары оның жақсылығын ұмытып кетті?

  • Қамқорлық жасаған адамдарға қиянат жасауға бола ма? Неліктен?

  • Қандай құндылықтар арқылы қамқорлыққа, жанашырлыққа, мейірімділікке жетуге болады?

  • Жасаған жақсылықтарың үшін адамдар ренжітетін болса, қандай күйде боласыңдар?

  • Өздерің қаншалықты адамдардың жақсылығын бағалап, алғыс айтып жүресіңдер? Әңгімелеп беріңдер.