Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
1200_yymdastyru_psikhologiasy.doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3 Мб
Скачать
☆

4. Басқару субъектісінің психологиясы

4.1.Психологиядағы тұлға түсінігі және өзін-өзі бағалау

Тұлға түсінігі көп қырлы. Тұлға түсінігіне жақын түсініктер «адам», «индивид», «индивидуальность-даралық». Э.Берн тұлға туралы «Адам динамикалық талаптануға бағытталған энергетикалық жүйе» деген анықтаманы ұсынған. Е.В.Шорохова адам түсінікті сөйлей алатын, саналы, жоғары психикалық функциялары бар (абстрактылы-логикалық ойы, логикалық есі бар) құрал жасап, оны еңбек әрекетінде пайдалануға қабілетті биоәлеуметтік тіршілік иесі деп санайды. Тек адамға ғана тән қасиеттер (сөз, сана, еңбек әрекеті) адамға тұқым қуалай берілмейді, өмір сүру барысында алдыңғы ұрпақ жасаған мәдениетті меңгеру процесінде қалыптасады.Сана, сөз адамға тұқым қуалай берілгенімен олар өмірде қалыптасып, дамиды. Адам туа биологиялық организм, жалпы генотиптік тұқым қуалау қасиетін сақтаушы-«индивид». Ал тұлға қоғамдық сана және мінез-құлықты меңгеруінің нәтижесінде қалыптасатын адамның әлеуметтік-психологиялық мәні.

Психология тұлғаны сыртқы қоғамдық әсерді өзінше ой елегінен өткізетін ішкі жағдайлардың жиынтығы деп қарастырады. Қалыптасуына қарай тұлғаның ішкі жағдайы тереңдеп, байый түседі. Бірақ бірдей сыртқы әсердің өзі әр адамға әр түрлі әсер етеді. Тұлға қоғамдық қатынастың өнімі және объектісі ғана емес, іс-әрекеттің, қарым-қатынастың, сананың, өзіндік сананың белсенді субъектісі. Тұлға әлеуметтік түсінік, ол мәдени және әлеуметтік дамудың нәтижесінде пайда болады. Адамның ешкімге ұқсамайтын рухани және физикалық қасиеттері «индивидуальность-даралық» түсінігімен сипатталады. Даралық тәжірибенің, білімнің, пікірдің, сенімнің, мінез-құлықтың және темпераменттің ерекшеліктерінен көрінеді. Тұлға туралы анықтамалар көп. Оларда тұлғаның әр түрлі жақтарына назар аударылады. Мысалы, Б.Г.Ананьев: тұлға қарым-қатынастың, таным және еңбек субъектісі десе, И.С.Кон: тұлға-әлеуметтік ролдің арнайы интеграциялануы, ал А.Г.Ковалев: тұлға- қоғамда белгілі бір орны бар және белгілі бір роль атқаратын саналы индивид деп есептейді. Тұлға ең алдымен тұтас құрылым болып табылады. Тұлғаның құрылымы туралы З.Фрейд, Э.Берн, К.Юнг, В.А.Ядов, К.К.Платоновтың т.б. сипаттамалары бар.

Тұлғаның құрылымын К.К.Платонов төрт негізгі және екі қосымша құрылымдарға бөліп қарастырады.

Бірінші құрылымы тұлғаның бағыты. Ол саналы (қажеттілік, қызығушылық, сенім, идеал, дүниетаным) және санасыз (еліктеу және бағдар). Бұл құрылымдар өмірде көбіне тәрбиенің арқасында қалыптасады.

Екінші құрылымы тәжірибе. Бұл өмірде, адамда оқудың арқасында қалыптасатын білім, білік, дағды және әдет болып табылады.

Үшінші құрылым бейнелеу. Бұған тұлғаның психикалық процестері: түйсік, қабылдау, ес-жад, ойлау, қиял, зейін, арнайы эмоциялық-еріктік бейнелеу сферасы жатады. Бұл құрылым негізінен туа беріледі де ары қарай өмір сүру барысында дамиды. Төртінші құрылымы биологиялық. Оған тұлғаның темпераменті, жыныстық және жас ерекшелік қасиеттері, сондай –ақ патологиялық өзгерістері жатады. Бұл құрылым да өмірде өзгереді және ол адамның өмір сүру жағдайымен, денсаулығының ерекшеліктерімен тығыз байланысты. Екі қосымша құрылымдар жоғарыда аталған төрт құрылымға ене отырып, өз ықпалдарын білдіреді. Олар: мінез-құлық және қабілеттер. Тұлға құрылымын талдай отырып оның барлығына да қоғам ықпал ететінін байқау қиын емес. Тұлғаның қоғамдағы қалыптасуын әлеуметтену деп атайды. Психикалық әрекеттер жалпы психикалық құбылыстардан, күйлерден және кісілік қасиеттерден тұрады. Психикалық әрекеттің негізі - қоршаған ортамен организмнің шынайы арақатынасын сипаттайтын жеке физиологиялық көріністер. А.А.Ухтомскийдің пікірінше олар біртұтас бірлестірілген өзіндік бейне құрайды.

В.Н.Князев тұлғаның құрылымы бір мезгілде қатар әсер ететін екі принциппке негізделген бір-бірімен байланысты әлеуметтік қасиеттердің жиынтығы деп санайды. Біріншісі тұлғаның барынша жалпы, күрделі қасиеттері өзіне қарапайым, жеке қасиеттерді бағындырады. Екінші принципі сапалар өзара байланысты болғанымен олардың әрқайсысы салыстырмалы түрде тәуелсіз болады (еңбек ұжымында адамдар бір-бірімен араласып: бірігіп жалпы жұмысты істегенімен әрқайсысы өзінің бастамасын көрсетуге құқылы). Адамның осы күрделі құрылымы оның саналы және санасыз компоненттері қоршаған ортаны қабылдау, сондай ақ өзіндік сана өзін-өзі тану және өзіне - өзінің қатынасын қамтитын санасының құрылымына әсер етеді.

Оның зейіні мен іс-әрекетінің объектісі тек сыртқы қоршаған орта ғана емес, «Мен» сезімінен байқалатын өзі де. «Мен» сезімі өзі туралы түсінікі және өзін-өзі бақылау қабілетін, өзін-өзі талдауды және өзін-өзі реттеуді қамтиды. Бұл үшін тұлғаның өзі туралы және әлем туралы түсінігін анықтайтын дүниетанымдық тұжырымдамасы болуы қажет. Мұндай дара философия «Мен тұжырымдамасы» деп аталады. «Мен тұжырымдамасы» өзіндік сананың арнайы нәтижесі-өнімі болып табылады. Өзіндік сананың құрылымы: 1) өзіндік «Менінің» жақын және алыс мотивін, мақсатын сезіну (мен іс-әрекет жасаушы субъектпін); 2) «Реал Мен» және «Идеал Мен» өзінің шынайы және қалайтын сапаларын түсінуі; 3) өзі туралы когнитивтік, танымдық түсінігі. 4) өзі туралы эмоциялық, сезімдік түсінігі.

Өзіндік сана өзін-өзі тануды (өзіне интеллектуалдық қатынасы); өзіне-өзінің қатынасын (өзіне эмоциялық қатынасы) қамтиды. Өзіндік сананың ауыспалы құрылымын талдауда «ағымдағы Мен» және «өзіндік Мен» түсініктері пайдаланылады. «Ағымдағы Мен» өзін-өзі танудың ағымдық, қазіргі жағдайдағы өзіндік сананың нақты формасын білдіреді. «Өзіндік Мен» өзіне қатынасының тұрақты құрылымдық сызбасы, «ағымдағы Меннің» синтездік ядросы. Дамыған тұлға өзінің мәнін анықтауды қажет етеді. Адамның өзі туралы пікірі, өзіндік санасы. М.К.Мамардашвили өзіндік сана оның тұлғалық мүмкіндіктерінің тек қол жеткен білімінің жиынтығы ретінде ғана емес, ойының және болмысының іс жүзіне асу тәсілі деп қарастырады.

Тұлғаны белсенділікке итермелейтін қажеттілік. Қажеттілік тұлғаның саналы түрде бір нәрсені қалауынан немесе бір нәрсеге қанағаттанбауынан іс-әрекетке жетелейді. Тұлғаның белсенділілігі қажетін қанағаттандыруға бағытталады. Адам қоғамда өмір сүре отырып, түрлі топтардың, олардың ішінде аса мәнді референттік топтардың ықпалымен тұлға болып қалыптасады. Адам топта өзінің іс-әрекетін ұйымдастыру арқылы бағыты мен еркін қалыптатырып, қабілетінің дамуына жағдай жасайды. Жалпы адамның өзін-өзі бағалауы өзінің мүмкіндіктеріне сәйкес болуы керек, олай болмаған жағдайда өзін қоршаған ортады оған қарым-қатынас жағымды болмайды.

Тұлға өзінің қажетіне және өмір тәжірибесіне сәйкес өзін-өзі бағалай білуге үйренеді.

Сұрақтар:

1. Тұлға түсінігі және оған жақын түсініктер «адам», «индивид», «индивидуальность-даралық» және олардың айырмашылықтары қандай?

2. Тұлғаның құрылымы туралы зерттеулер, К.К.Платонов бойынша тұлғаның құрылымына нелер жатады?

3. В.Н.Князевтің пкірі бойынша тұлғаның құрылымы қандай принцптерге негізделген?

4. «Мен тұжырымдамасының» мәні неде?

5. Өзіндік сананың құрылымына нелер кіреді?

Әдебиеттер

1. Құнанбаев А. Таңдамалы шығармалары. - Алматы: Жазушы, 1968.

2. Берн Э. Что такое человек /Теория личности в западноевропейской и американской психологии. Самара. 1996.

3.Чередниченко И. П., Тельных Н. В. Психология управления / Серия «Учебники для высшей школы». - Ростов-на-Дону: Феникс, 2004.

4.Психология: Адамзат ақыл-ойының қазынасы. Алматы, 2005 ж. 10 том.

5.Немов Р.С. Общая психология: Краткий курс.- СПб.:Питер, 2006.