Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
1200_yymdastyru_psikhologiasy.doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3 Мб
Скачать
☆

5. Басқару іс-әрекетіндегі таным процестері және зейін

5.1.Түйсік

Түйсік - сезім органдарына әсер етудің және бас ми жүйке орталықтарының қозуының нәтижесінде реалды шындықтың бейнелену қасиеті. Түйсік сан қырлы сыртқы ортаның адамға қажетті сапаларын бейнелейді.Түйсіктің өмірдегі ролі ішкі және сыртқы ортаның жағдайы туралы мәліметтерді, олардағы мәнді биологиялық факторларды орталық жүйке жүйесіне жеткізу. Жалпы түйсік түскен сигналдарды талдайды. Негізінен түйсіктің 5 түрі (модальдығы белгілі. Олар: иіс, дәм, сипап-сезу, көру және есту. Белгілі психолог А.Р.Лурия түйсікті кемінде екі негізгі принцип - жүйелілік және генетикалық) басқаша айтқанда біріншісі модальдық, екіншісі-күрделілік принципі немесе олардың құрылысының күрделілік деңгейі бойынша жіктеу керек деп есептейді. Түйсіну табалдырықтарына қарай түсік процесінде қателік аз болады.

Түйсіктің жүйелілік жіктелуі. Түйсіктің ең ірі және мәнді топтарын көрсете отырып, оларды 3 негізгі типке бөлуге болады. Олар: интероцептивтік, проприоцептивтік және экстроцептивтік түйсіктер. Интероцептивтік түйсіктер организмнің ішкі сигналдарын біріктіреді. Проприоцептивтік түйсіктер дененің кеңістіктегі жағдайын, қимыл-қозғалыс аппаратының қызыметін, қозғалысты қамтамасыз ететін сигналдарды біріктіреді. Проприоцевтивтік түйсіктер сыртқы ортадан сигнал алуды қамтамасыз етіп, мінез-құлқты саналы реттеуге негіз жасайды.

Интероцептивтік түйсіктер, организмнің ішкі прцестерінен сигнал беріп, асқазанның, ішектердің қабырғаларынан, жүректің, қан тамырларының және басқа да органдардың тітіркенуін миға жеткізіп отырады. Интероцептивтік түйсіктер түйсіктің ең қарапайым және ертеден белгілі түрі. Бұл түйсік адамның эмоциялық жағдайына жақын.

Проприоцептивтік түйсіктер адам денесінің кеңістіктегі жағдайын қамтамасыз етіп, адамның афферентті қозғалысын реттеуде басты рөл атқарады. Проприоцептивтік сезімталдықты қамтамасыз ететін перифериялық рецепторлар ерекше түрдегі жүйкелік денелер (Паччини- денесі деп аталады) бұлшық еттер мен сіңірледе болады. Бұл денелерде пайда болатын қозулар бұлшық ет жаншылғанда, сіңірлер созылғанда туатын түйсіктерді бейнелейді. Қазіргі физиология және психология ғылымдарында проприорецепцияны жануарлардағы афференттік қозғалыстың негізі ретінде А.А.Орбели., П.А.Анохин зерттесе, адам өміріндегі рөлін Н.А.Бернштейн зерттеген. Түйсіктің бұл түрі сезімталдықтың тепе-теңдікті сақтайтын немесе статикалық деп аталатын ерекше түрі.

Түйсіктердің ең үлкен тобы экстроцептивтік түйсіктер.Олар адамға сыртқы ортадағы ақпаратты жеткізіп, сыртқы ортамен байланысты қамтамасыз ететін негізгі түйсіктер тобы. Барлық экстроцептивтік түйсіктерді үлкен екі топқа: контактық және дистанттық деп бөледі. Контактық түйсіктер тікелей сәйкес қабылдау органына денелердің жанасуы арқылы туады. Мысалы, дәм және сипап сезу түйсіктері. Дистанттық түйсіктер сезім органдарына қашықтықтан әсер ететін тітіркендіргіштер арқылы туады. Оларға есту, иіс және көру түйсіктері жатады. Генетикалық жүйелеу ағылшын неврологі Х.Хадтың ұсынысы бойынша сезімталдықты екіге бөліп қарауға болады.1) протопатикалық (қарапайым, аффективті, аз дифференцияланған) органикалық яғни аштық, шөл түйсіктері жатады. 2) эпикритикалық (барынша нақты дифференциалдайтын, объективті және рационалды) адамның негізгі сезім органдары кіреді.

Эпикритикалық сезімталдық генетикалық жағынан жастау және ол протопатикалық сезімдерді бақылап отырады.

Түйсіктің қаситеттері. Түрлі түйсіктердің өздеріне ғана тән қасиеттермен қатар оларды біріктіретін жалпы қасиеттер де бар. Ол қасиеттер: сапсы, интенсивтілігі, ұзақтығы және кеңістікке таралуы. Сапа сол түйсіктің басқа түйсіктерден айырмашылығын көрсететін негізгі ерекшелігі. Түйсіктің сапалық көрсеткіштерінің көптігі материяның шексіз көп қозғалыс түрлерін бейнелейді. Түйсіктің интенсивтілігі әсер етуші түйсіктің күші мен рецептордың функционалдық қалпын көрсететін сандық сипаттамасы болып табылады.

Түйсіктің ұзақтығы оның уақыттық сипаттамасы. Бұл сезім органдарының функционалдық қалпымен де анықталады, ең бастысы тіркендіргіштің әрекет ету уақыты мен оның интенсивтілігі. Тіркендіргіш сезім органдарына әсер еткенде ол бірден түйсік тудырмайды, латенттік (жасырын) период деп аталатын біраз уақыт өткеннен кейін ған барып түйсік пайда болады. Әрбір түйсіктің латенттік периоды әр түрлі. Мысалы тактильдік түйсіктердің латенттік периоды – 130 мс. Ауру түйсіктерінікі -370 мс, ал дәм түйсіктерінікі-50 мс.

Түйсік саналанатын немесе саналанбайтын, бірақ адамның мінезіне әсер ететін, орталық жүйке жүйесі сыртқы және ішкі ортада білінетін мәнді тітіркендіргіштерді өңдеуден өткізетін қарапайым психикалық құбылыс. Түйсік объективті және субъективті. Бір жағынан үнемі сыртқы тітіркендіргіш бейнеленеді, ал екінші жағынан бейнелеудің шынайылығы жүйке жүйесінің қалпына, тұлғаның дара ерекшеліктеріне және түрлі модальдық түйсіктің әсерлесуіне байланысты.

Мысалы, бір цехтағы жұмысшылар тыныс алу қиын деген сылтаумен жұмыс істеуден бас тартады. Қосымша ауабаптағыштар көмектесе алмайды. Шақырылған психолог желдеткіштердің астынан тізілген қағаздарды ілуді ұсынады. Таңертең жұмысқа келген жұмысшылар желбіреп тұрған қағаз қиындылырын көріп езутартып, «міне енді жақсы болды» деп қуанған. Бұны М.И.Станкин бір анализатор қажетті түйсік тудыра алмағанда екіншісі іске кіріседі деген ескі психологиялық аксиоманың әсері деп есептейді. Түйсінуге қажеттілік тұлғаның ақыл-ой және эстетикалық дамуының негізі болып табылады. Түйсіну болмаған жағдайда ақпараттық аштық пайда болып, адамның жұмысқа қызығушылығы кеміп, ұйықысы келеді, әлжуаз, сарыуайымшыл, ешнәрсеге зауқы соқпай одан ары қарай ұйқы бұзылып, неврозға әкеледі. Жапонияның үлкен фирмаларындағы ең қатал жазалау жұмыстан босату деп есептелінеді. Олар жазаланған адамды жұмыс уақыты біткенше ештеме істетпей жеке бөлмеде ұстайды. Космонавтар бұл парашюттен секіру немесе центрифугада отырудан да ең ауыр жаза деп есептейді. Жүйке жүйесінің сезімталдығы жүйелі жаттығулардың нәтижесінде, физиологиялық және психологиялық әсерлерден өзгеруі мүмкін. Физиологиялық әсердің негізгі мысалы – көру анализаторларының сезімталдығын арттыратын бетті суық сумен жуу. Бір сезім органының қызыметі екіншісінің қызметін арттыруы немесе әлсіретуі мүмкін (бұл түйсіктің сенсибилизация құбылысы). Өткір жағымсыз иіс көру сезімталдығын кемітеді. Әлсіз жарық әлсіз болса, есту түйсігі күшейе түседі, ал жарық талапқа сай болғанда есту түйсігінің қызметі керісінше нашарлайды. Әлсіз ауру түйсіктері көру, иіс сезу, тактильдік сезгіштікті арттырады. Қышқыл көру сезімталдығын арттырады.

Музыка барлық түйсікті белсенді етеді. Сондықтан Жапонияда, Францияда, Данияда еңбек гимнастикамен басталады. Нәтижесінде жұмысшылар жұмысқа тезірек кірісіп, ұсақ жұмыстарды нақты әрі жеңіл орындайды. Ол қазіргі күрделі технологияда аса (операторлар, сағат, т.б., механизмдерің жинау үшін) қажет.

Түйсікті дамытуға болады. Мысалы, алғашында қара түстің небәрі 4-5 реңін ажырататын бояушы тәжірибенің нәтижесінде 200 - ге дейінгі реңін ажырата алатын болады.

Түйсіктің «іс-әрекеттен кейінгі» деп аталатын заңдылығы бар. Ол өте жоғары жылдамдықпен байланысты мамандықтарда үлкен рөл атқарады. Сезім органына ұзақ уақыт әсер еткен заттың образы ол әсер тоқтағаннан кейін бірден жоғалып кетпейді. Психиканың бұл заңдылығын жоққа шығару көптеген апаттарға (әсіресе қиылыстарда, тауларда) себеп болады. Сондай -ақ қала сыртында апақ-сапақта жол қиылысында болатын апаттар, автомобильдердің соқтығысуы түсініксіз апаттарға жатады. Жүргізушілер бірін-бірі алыстан-ақ көруі қажет сияқты болғанымен олар бірін-бірі тек соқтығысқан сәтінде ғана көреді. Себебі көздің тор қабығында «соқыр» нүкте болады. Егер, объект сол нүктеге түссе, ол байқалмайды. Сондықтан бірдей жылдамдықпен қозғалатын жүргізушілер бірін-бірі байқамайды. Дат психологтарының пікіріне қарағанда 61,3 пайыз жол жүруде соқтығысатындар қою түсті автомобильдер, 32,6 пайыз ашық қою түстілермен, ал 6,1 пайыз ашық түстілер бір - бірімен соқтығысады екен. Қара автомобиль аз жылдамдықпен алыста келе жатқандай иллюзия тудыратындықтан жүргізуші одан аз сақтанады. Сары түсті автомобильдер апатқа аз ұшырайды, себебі олар қараңғыда, апақ-сапақта қызыл түсті болып қабылданады.

Сезімталдық әр адамда әр түрлі. Сонымен қатар жасқа байланысты ол өзгереді. Сезгіштіктің шыңы жастық шақ, одан кейін адамның жасына және денсаулығына қарай әлсірей береді.

Сұрақтар:

1. Түйсік дегеніміз не және басқару жұмысында оны білудің мәні неде?

2. Түйсік қалай жіктеледі /интероцептивтік, проприоцептивтік және экстроцептивтік/ олардың бір-бірімен байланысы қандай?

3. Түрлі түйсіктің өздеріне тән ерекшеліктерін талдаңыз.

4. Түйсіктің қандай заңдылықтары бар және оны басқару жұмысында қалай пайдалануға болады?

Әдебиеттер

1. Психология: Адамзат ақыл-ойының қазынасы. Алматы, 2005 ж. 10 том.

2.Құнанбаев А. Таңдамалы шығармалары. - Алматы: Жазушы, 1968. -Б.123-216.

3. Столяренко Л.Д. Основы психологии. Ростов н/Д.Изд-во «Феникс», 1996.-736 с.

4.Чередниченко И. П., Тельных Н. В. Психология управления / Серия «Учебники для высшей школы». - Ростов-на-Дону: Феникс, 2004.

5.Косьяник П.М. Психология управления. М.:АСТ; СПб.: сова, 2005.

6.Немов Р.С. Общая психология: Краткий курс.-СПб.:Питер, 2006.