Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
1200_yymdastyru_psikhologiasy.doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3 Мб
Скачать
☆

14. Басқару мақсаттарын шешу әдістері

Жұмысы нәтижелі болғанда ұйымның одан ары қарай дамуға немесе жаңаруға ұмтылуы заңды процесс болғанымен, ары қарай даму процесінде көптеген қиындықтар кездеседі. Ұйым дамуындағы бұл құбылысты әлемге әйгілі психолог, Нобель силығының лауреаты Г.М.Саймон құмырысқаның ауыр еңбек жолымен салыстырады. «Құмырысқа қисық-қисық жол жүру арқылы үйіне қайтатын жол салады. Оның мақсатын адамның мақсатымен салыстырмаймын, тек оның жолын қағаз бетіне саламын. Осы түрлі сызықтардың қатары кездейсоқ жол емес, ол белгілі мақсатқа жетуге бағдарланған сезіммен анықталған бағыт». Бұл Г.М.Саймонның пікірінше мінез-құлық моделін береді. «Егер оны геометриялық фигура деп қарастырсақ, құмырысқаның жолы түзу де, симмитриялы да емес жазуға өте күрделі әрі қиын. Бірақ ол құмырысқа үшін күрделі емес». Бұл салыстыру ұйымның дамуы қоршаған ортадағы жағдайлардың күрделілігіне байланысты екенін көрсетеді. Мұндай жағдайда менеджердің алдында үнемі не істеу керек, басқару мақсатын қалай шешуге болады? деген сұрақ туады. Мұндай жағдайда ең көне әдістердің бірі, интуицияның көрінісі болып табалатын «жақсы идеяны» пайдаланады. Бұл жағдайда мәселені нақты құрастыру үнемі қолдан келе бермейді. Мәселенің өзі және оның шешімі интуицияның негізінде қас қағым сәтте анықталатын кездер сирек кездеспейді. Қазір де кездейсоқ эвристикаға көп мән беріледі. Жаңашылдық идеяны дамыту жағдайында ұйымдасқан өнімді еңбекті ұйымдастырудың құрамдас бөлігі мәнді элементі интуиция болып табылады.

Шығармашылық қиялды қолдау мақсатында мәселені анық түсіну және олардың арасындағы байланысты табу сондай-ақ, мәселенің өзін шешу үшін белгілі бір топтық әдістер қолданылады. Бұл сатыда мәселені шешудің альтернативтік идеяларын көптеп ұсыну мақсатымен бағалау, салыстыру және талдау жүргізілмейді. Мұнда рационалды емес идеялар алынып тасталады да, мәселені шешуде шектеу қысқартылып, шығармашылық ойлауға қолдау көрсетіледі. Мұндай әдістер ұжымдық жұмыста пайдаланылады, жеке жағдайда аз бөліктері пайдаланылады. Өндірісті жаңарту бағдарламасын жүзеге асыруда топтық ұйымдастыру әдістері қолданылады. Басқару мақсаттарын шешуде «миға шабуыл» әдісі көп қолданылады. Өндіріс басшысы-модератор белгілі бір мәселені шешу үшін жағымсыз жақтарының аздығына байланысты «миға шабуыл» әдісін пайдаланады. Бұл әдістің мәні шығармашылық топтың идеяларын генерациялау.

Әдетте мәселені 5-6 адамнан тұратын басқа мамандар қабылдайды. Олар «миға шабуыл» әдісі бойынша жинақталған идеялардан өз пікірі бойынша іске асыруға болады дегендерін іріктеп алады. Әдетте олардың 10 пайызы қабылданады.

Бір идеяны таңдау сол сұрақ бойынша беделді болып табылатын адамның пікірімен байланысты болады. Топ болып мәселені талқылау, ұсынылған пікірлерді жалпылау, мамандардың оны талдауы ұзаққа созылады. «Миға шабуыл» әдісінің түрлі нұсқалары кездеседі. Соның бірі синектика әдісі. Ол қысқа мерзімде ұзақ мерзімдік шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Синектика әдісінің «миға шабуыл» әдісінен айырмашылығы нақты мәселені шешуге жиналған шығармашылық топтың жұмысын ұйымдастыруында. Синектика әдісі төрт фазадан тұрады.

Бірінші фазасында шығармашылық топ мәселені ойлап оны шешу жолдарын табуға тырысады. Өз шешімдерін жұмыс дәптерлеріне жазады. Екінші фазасында қатысушылар мәселені толық баяндай алатын өз көшбасшыларын тағайындайды.

Үшінші фазасында әр қатысушы мәселені шешу туралы өз пікірін айтады. Бұдан ары көшбасшы басқаратын шығармашылық пікірталас жүреді. Пікірталас барысында түрлі пікірлер келісіліп, мәселені шешудің моделі жасалады. Егер шығармашылық топ басқару мақсатын шешуде бір пікірге келе алмаса түрлі келістіру әдістері пайдаланылады.

Соңғы төртінші фазасында шығармашылық топ ұсынған шешу моделі арнайы шақырылған маман-сарапшылардың талдауына ұсынылады. Мақсатты шешуді талдауға шығармашылық топ мүшелерінің қатысуына рұқасат беріледі.

Гордон әдісі. Кейбір мамандардың пікірінше «миға шабуыл» әдісі бойынша шығармашылық топ мақсатты шешу моделін қалыптастырғаннан кейін белсенділігі төмендейді деген пікір айтады. Бұл әдістің авторы Гордон топ алдына нақты мақсат қойып керегі жоқ деп есептейді. Мәселен, еңбек өнімділігін қалай арттыруға болады? т.б. Оның пікірі бойынша жалпы мәселені көрсету керек, ал пікірталас кезінде жиналған материал эксперттердің неғұрлым нақты қорытынды жасауына мүмкіндік береді.

Күнделік әдісі. Егер шешілетін мәселе өте күрделі болса, оған жұмсалатын шығармашылық күшті және ұзақ уақытты талап етеді. Ол үшін арнайы сараптау тобы құрылады. Топ мүшелері бірігіп немесе жеке жұмыс жасауларына болады. Топтың әр мүшесіне күнделік беріп,оған күнделікті байқағандарын және мақсатты шешудің мүмкін жолдары туралы пікірін жазып отыру тапсырылады. Мұндай жұмыс бір-екі аптаға созылады. Жұмыстың нәтижесі бірлескен пікірталаста талқыланады. Егер басшы әр күнделікпен жеке танысқысы келсе, оларды жинап және топтық талқылаудың тақырыбы анықталады.

Дельфа әдісі. Бұл әдіс мәселені шешу үшін бірнеше альтернатив ұсынылған жағдайда және альтернатив міндеттің жағдайы болғанда пайдаланылады. Бұл да ұжымдық шешім қабылдау әдісінің бір түрі. Мәселен, нақты тапсырманы орныдағаннан кейін сыйақыны бөлуді шешу керек. Оны іске асыру үшін бірнеше жолдар ұсынылады:

а) бәріне бірдей;

б) бәріне жалақысынан бірдей пайыз;

в) атқаратын қызметіне қарай;

г) жұмысшының қажетіне қарай;

д) кім көп еңбек сіңірсе, соған көп бөлу;

е) еңбек өтіліне қарай;

ж) орындаған жұмысының күрделілігіне қарай.

Жалпы жиналыста сыйақыны бөлудің жолын анықтауда бір пікірге келе алмаған жағдайда, бұл мақсатты шешу жолын табу жұмысшылардың өздеріне тапсырылады. Шешім қабылдауда ұсынылған пікірлер толық ескерілуі керектігі айтылады. Бұл үшін Дельфа әдісі қолданылды.

Бұл әдісті қолдану үш негізгі сатыдан тұрады. Бірінші сатыда әр альтернативті 10 балдық бағалау жүйесі бойынша әр қатысушы субъективті бағалауы бойынша белгілейді. Жоғары балл 1. Қалған альтернативке иерархиялық кезекпен балдар қойылады. Одан кейін барлық қатысушылардың барлық альтернатив бойынша балдары талданып, әрқайсысының орташа өлшемі есептелінеді. Екінші сатыда қатысушылар орта балдарының көлемі қаншалықты бірдей болғанын салыстырады. Содан екінші орташа өлшем есептелінеді. Үшінші сатыда әр альтернатив бойынша екі көлем көбейтіліп, қай альтернатив басым болғаны анықталады. Яғни жеті пікірдің бірі ғана таңдап алынады. Есептеу үшін мәндер матрицасы пайдаланылады.

Дельбек әдісі

Бұл әдіс түрлі сала бойынша білімді талап ететін мәселелерді шешуде қолданылады. Мәселен: ақпарат жинау және мазмұнды бақылауда, болжам жасауда, сондай – күрделі мақсаттарды анықтауда. Бұл әдісте әрбір қатысушы белсенді шығармашылық танытуы қажет. Күтілетін міндет ұйымдасқан құрылымдағы нақты жағдай мен күтілетін жағдайдың арасындағы алшақтықты жою. Әдіс бірнеше сатыдан тұрады.

а) мәселені анықтау,

ә) алдыға қойған мақсатқа жетуге ықпал ететін және кедергі жасайтын анықтау,

б) мәселені шешу варианттарын анықтау және тиімді вариантын таңдау.

Әдіс төмендегідей жұмыс ретінен тұрады:

Топтың әр мүшесі жеке – жеке берілген нақты басқару ситуациясын сипаттайды. Оған 15 минут беріледі.

Пікірлер оқылып, модератор оны көзбен бақылап тұрады.

Сұрақ - жауап арқылы модератор топ мүшелері жауабының нақты болмаған жерлерін түзетеді.

Бірдей ұсыныстардың саны анықталады.

Модератор ұсыныстарды талдап, топтың пікірін білдіретін жауапты және нақты жағдайды анықтайды.

Топтың әр мүшесі қысқаша өз қалауы түрінде қол жететін жағдайды сипаттайды.

Нақты жағдайды бағалау мақсатында осы пікірлер 20 минут талқыланады.

Талқылаудан кейін топтың әр мүшесі өзінің үш пікірін мәнділігіне қарай орналастырып, ұсынады.

Қол жеткізе алатын мақсат топ мүшелерінің көпшілігінің қолдауымен пікір түрінде қалыптастырылады (алынады).

Мақсатқа жетуге кедергі жасайтын факторлардың тізімі жасалады.

Мақсатқа жетуге ықпал ететін факторлардың тізімі жасалады.

Ұйымдастырудағы өзгерісті жүзеге асырудың жоспары жасалады.

Негізінен психология ғылымындағы зерттеу әдістері бақылау және эксперимент деп үлкен екі топқа жіктеледі. Өз кезегінде бақылаудың өзін тұрмыстық және ғылыми деп, Эспериментті зертханалық және табиғи деп бөледі. Сонымен қатар көмекші зерттеу әдістері кеңінен қолданылады. Дербес сараптамаларды қорытындылау сауалнамалар: жазба, ауызекі, әңгімелесу және іс - әрекеттің нәтижелерін талдау, тестілеу: жобалаушы, психикалық, түзету - реттеу.

Бұл оқу құралында басқару мақсаттарын шешудің кейбір әдістері ғана қарастырылды. Қазіргі зерттеулерде бұл сала бойынша әдістер, ғылыми зерттеулер мен нақты практиктердің жинақаған материалдары көптеп саналады.

Сұрақтар:

1.Басқару мақсаттары қалай шешіледі?

Г.М.Саймонның пікірінше құмырысқаның жолы ненің моделін

Береді?

2.Топтық ұйымдастыру әдістерін пайдаланудың мақсаты неде?

3.Синектика әдісінің ерекшелігі неде?

4.Гордон, Күнделік, Дельбек, Дельфа әдістерінің бір-бірінен айырмашылықтары мен артықшылықтары қандай?

Әдебиеттер

1.Маслоу А.Г.Мотивация и личность /Пер. с англ. СПб.: Евразия, 2001.

2.Кабаченко Т.С. Психология управления.М.,2003.

3.Азрилиян Л.Н. редакциялаған-М.: «Правовая культура» қоры, 1994.

4.Азаматтық қоғам терминдерінің орысша-қазақша сөздігі-Алматы,2007.