Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
МЖТ.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
22 Мб
Скачать
☆

3.1.1. Бұйымның элементтерi

Өндiрiстiк бұйым бөлшек, құрылымдық бiрлiк, торап, агрегат, кешен, комплект деген элементтерден құралады.

Бөлшек деп құрылым операциялары пайдаланылмаған, өзi тек бiркелкi атты және маркалы материалдан жасалған бұйымды айтады. Мемлекеттiк стандартта бөлшектерге жапсырылған, қалайыланған, пiсiрiлген және бетi қапталған бұйымдарды да жатқызған. Бөлшектерге мысал ретiнде бiлiктердi, қораптарды, тiстi дөңгелектердi, т.б. келтiруге болады.

Негiзгi құрау операциялары арқылы зауытта бiрiмен-бiрiн қосып жасаған бұйымды құрылым бiрлiгi деп айтады. Технология курсында құралу операцияларына бұрамамен бекiтiп қосу, тойтару, пiсiру, қалайылау, жапсыру, т.б. жатады.

Кез келген бұйымдарды негiзгi құрамға жатқызады, оның iшiнде бөлшек, құрылым бiрлiгi, кешен, жиынтық та болуы мүмкін. Мәселен, құрылым бiрлiгi ретiнде редуктордың пiсiру арқылы құрылған қорабын мысалға келтiрсек болады. Осыған қосымша мемлекеттiк стандартта /МЕМСТ 23887-79/ құрылым бiрлiгiне торап және агрегат деген ұғымдарды кiргiзедi.

Торап деп бұйымның негiзгi құрамынан бөлек құрастырылатын, бойында өзiндiк қызметi бар және жұмысын тек бұйымның басқа негiзгi құрамымен бiрiге отырып iстейтiн құрылым бiрлiгiн айтады. Мысалы, редуктордың iшiндегi өзiнше бөлек құрастырылған редуктордың бiлiктi торабын айтамыз.

Агрегат деп өзара ауыстыруға келетiн, құрастырылуын бұйымның басқа негiзгi құрамдарынан бөлек жүргiзуге болатын және бұйымдардан дербес қызмет атқара беретiн, екi және одан да көп ерекше бұйымдардан тұратын құрылым бiрлiгiн айтады. Мысалы, станоктың гидросорғысы өзiнше бiр дербес агрегат.

Кешен деп зауытта құралу операцияларымен қосылмаған, бiрақ өзара байланысты пайдаланушылық қызметiн атқара беретiн, екi және одан көп ерекше бұйымдардан тұратын құрылым бiрлiгiн айтады. Мысалы, таспалы конвейердi бұйым деп алсақ, онда оған кiретiн кешендер таспа, көтермелеп тұратын роликтер, барабандар, конвейер рамаларының секциялары, редуктор, қозғалтқыш, т.б. болады.

Бөлшектер ерекшеленбеген бұйымдарға, ал ерекшеленген /ерекше/ бұйымдарға – құрылым бiрлiгi, яғни кешендер жатады.

Сатылып алынған бұйымдарға кооперация арқылы келетiн бұйымдар, мысалы, мойынтіректер, тарту тiзбегi, бұрандамалар жатады. Жинақтаушы бұйымдарды жабдықтаушы зауыттар шығарады және олар бұйымның негiзгi құрамы ретiнде пайдаланылады. Кейде жинақтаушы бұйымдар сатып алынады.

Типтелiнген бұйымдар деп құрылымдары бiр-бiрiне жақын және өндiрiс кезiнде қолданылатын көптеген, жалпылама технологиялық нышандары бар бiр топ бұйымдарды айтады. Бiр тектес машиналардың құрылысында типтелiнген бұйымдардың қолдану деңгейi 65-75 пайыздан кем болмағаны дұрыс.

Жиынтық деп зауытта құрылым операцияларымен қосылмаған бұйымдар жиынын айтады. Мысалы, аспаптар жиынтығы, гайка бұрайтын кiлттер жиынтығы, т.б.

3.2 Машина жасаудағы өндiрiстiк және технологиялық үдерістер

Өндiрiстiк үдеріс деп /МЕМСТ 14.004-83/ зауыттағы адамдар мен еңбек құрал-саймандарының өнiм шығаруға жұмсаған қимылдарын айтамыз. Өндiрiстiк үдерістiң бiр бөлiгiн технологиялық үдеріс дейдi /МЕМСТ 3.1109-82/.

Технологиялық үдерістегi мақсатты әрекет-қимылдар арқылы өндiрiстiк бұйымның сапа құрамын өзгертедi не болмаса анықтайды. Бiр жұмыс орнындағы технологиялық үдерістiң бiткен бөлiгiн технологиялық операция дейдi.

ӨНДIРIСТIК ҮДЕРІСТI ЖIКТЕУ СЫЗБАСЫ

А. Қызметiне қарай:

– Негiзгi

– Қосалқы

– Жабдықтау

Б. Технологиялық операцияларды орындауына қарай:

– дайындаушы

– өңдеушi

– құраушы

В. Автоматтандырылуына қарай:

– қолмен iстелетiн

– механикаландырылған

– автоматтандырылған

– автоматты

Г. Өндiрiс объектiсiнiң түрiне қарай:

– қарапайым

– күрделi

Өндiрiстiк процестерді уақыт және кеңiстiк көлемiнде ұйымдастыруда төмендегiдей түпкiлiктi нышандарды орнымен пайдаланған абзал: дифференциациялау; концентрациялау және интеграциялау; арнайы бағытқа бағындыру; параллельдеу; түзу тасқындылық; үздiксiздiк; ырғақтылық; автоматтық; икемдiлiк; электрондау.