Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
кітап.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
56 Мб
Скачать
☆

5.4. Сібір күйдіргісі (Bacillus туыстастығы)

Күйдіргі немесе түйнеме (anthrax, қатерлі карбункул, «қасиетті от», «парсы оты») - Baсillus anthraсis тудыратын зоонозды жұқпалы ауру, ауыр интоксикациямен, Түйнеме Bacillus anthracis тудыратын зоонозды жұқпалы ауру –адам және жануарларда кездесетін өте айқын улану белгілерімен өтетін, терімен лимфатикалық жүйелерінің зақымдалуы мен сипатталатын жедел жұқпалы ауру. Сібір күйдіргісі-жедел жұқпалы ауру. Сібір күйдіргісін 1849 жылы Полендер ашты, кейін оны Кох және Пастер толық зерттеп үйренді. Сібір күйдіргісінің қоздырғышы-Bacillus anthracis.

Тұқымдастығы: Bacillaceaceae. Туыстастығы: Bacillus. Түрі: Bacillus anthracis.

Морфологиясы. Тізбектеліп орналасқан, грам-оң, ірі, қозғалмайтын, спора түзетін таяқшалар. Спора таяқша ортасында орналасады, мөлшері микроб жасушасының диаметрінен аспайды. Иесінің ағзасында қоздырғыш капсула түзеді. Капсуласы шіріту микрофлораның әсеріне тұрақты, сондықтан шіріген мәйіттен дайындаған жағындыда бос капсулаларды анықтауға болады (микробтардың «көлеңкесі»). Жағындыда капсуланы анықтау үшін Леффлер әдісімен метилен көгімен бояйды (жасушалар – аспан көк түске, ал капсулалары – қызыл түске боялады) (5.5.сурет). Күйдіргі бациллаларының споралары сопақша, тірі ағзада және ашылмаған мәйітте споралар түзе алмайды. Спора түзу үшін бос оттегі мен арнайы температура (12-420С) қажет. Қоздырғыштың қоршаған ортаға жоғары сезімталдығын қамтамасыз ететін фактор - спора түзу қабілеті; суда споралар 10 жылға дейін, топырақта – 30 жылдан артық уақыт сақталына алады.

Дақылдық және биохимиялық қасиеттері. Күйдіргі қоздырғышы – факультативті анаэроб, қарапайым қоректік орталарда жақсы өседі, оптимальды өсу температурасы 34-37ºС, орта рН- 7,2-7,5. Тәулік бойы инкубациялағаннан кейін ЕПА-да немесе Хоттингер агарында ірі, кедір бұдыр, шеттері тегіс емес, иректелген тармақшалары бар, R-пішінді колониялар түзеді. Микроскоптың кіші үлкейткішімен қарағанда, «медузаның басы» немесе «арыстанның жалына» ұқсайды. Бацилланың R-пішіні вирулентті штамдарына тән болып келеді. Сұйық қоректік орталарда мақта түйіршігі секілді өседі, сілкіген кезде ыдырап кетпейді де орта мөлдір түрінде қалады. Пенициллин қосылған қоректік орталарда 3-6 сағат инкубациялағаннан кейін бациллалар сферопласттарға айналып, тізбектеліп орналасады. Жағындыда «маржан алқасына» ұқсас болып орналасады («маржан алқа» тесті).

Ферменттік белсенділігі. Глюкоза, сахароза, фруктоза, мальтозаны қышқылға дейін және крахмал мен инулинді ыдыратады. Протеолиттік және липолитикалық белсенділікке ие. Крахмалды гидролиздейді, ацетилметилкарбинол түзеді. 10-12% етпептонды желатинді ортаға шаншу әдісімен егіп, 2-3 күн 220С инкубациялағаннан кейін, шаншу жолында төменге қарай біртіндеп кішірейген ақ жолақтар түрінде өскен (төңкерілген шырша) колониялар көрінеді; 3-5 күннен кейін желатин «ұйық» (воронка) түрінде сұйылып кетеді. Топырақтағы бациллалармен салыстырғанда түйнеме бацилласы фосфаттарды ыдыратпайды, баяу және аздап сарыуызды сұйық қоректік ортаны коагуляциялайды (5-7 тәулікте 370С), ал басқа бациллалар 6-10 сағатта ыдыратады. Сүтті 3-5 тәулікте ұйытады, содан кейін бәсеңдеп пептонизациялайды және ыдыратады, нәтижесінде аммиак бөлініп қоңыр пигмент жинақталады.

Сiбiр күйдiргiсiнiң қоздырғышы(B.anthracis) - электронды микроскоптағы көрінісі

Сiбiр күйдiргiсiнiң – клиникалық белгісі

Ауески әдісімен боялған - Bacillus anthracis.

Bacillus anthracis - ИФР

Ағзадағы капсула түзген - Bacillus anthracis.

5.5.сурет. Компьютерная программа «Диаморф»-«Медицинская микробиология»-атлас-руководство по бактериологии микологии, протозоологии и вирусологии под редакцией акад. проф. Воробьева А.А. http://go.mail.ru/search_images?gp=profitraf3&q=сибирская язва

Антигендік құрылымы. Күйдіргі микробының негізгі екі антигені болады. Жасуша қабырғасында соматикалық, полисахаридтік антигені бар, температураға тұрақты, бұған қарсы антиденелер бөлінбейді, дақылдарда және мәйітте ұзақ сақталынады. Асколидің приципитациялық реакциясымен анықталады. Ал капсулалық протейндік антиген фагоцитарлық әсерге қарсы тұрады.

Патогенділік факторлары. Күйдіргі микробының патогенділік факторларына экзотоксині мен капсуласы жатады. Экзотоксин күйдіргі патогенезінде және спецификалық иммунитеттің түзілуінде негізгі орын алады.Ол үш ақуыздық компоненттерден құралады: І – ісіну факторы (ІФ); ІІ – протективтік антиген (ПА); ІІІ – леталдық фактор (ЛФ). Бұл компоненттер өз бетінше улы емес, бірақ ІФ мен ПА қосарланып тіндердің ісінуін шақырады, ЛФ мен ПА – экспериментальдық жануарлардың өлімін тудырады, сондықтан қазіргі кезде екі токсин аталынып отырады – ісіну (ІФПА) және леталдық (ЛФПА). Микроб капсуласы олардың макрофагтарға адсорбциялануынан және фагоцитоздан сақтандырып, макроорганизмнің ағзалары мен тіндерінде еш бөгетсіз көбейіп таралуына мүмкіндік береді.

Эпидемиологиясы мен резистенттілігі.

Күйдіргі қоздырғышына сезімтал болып келетіндер - ірі және ұсақ қара мал, жылқылар, түйелер, шошқалар, жабайы жануарлар. Күйдіргі барлық жерде таралған. Қазақстан Республикасында 1500-нан астам қауіпті жерлер (топырақты ошақтар) барлық облыстарда орналасқан. Бұл індетке адамдардың жалпыламай сезімталдығы бар, бірақ адам эпидемиялық тізбекте кездейсоқ нысана. Адамдар арасындағы аурудың деңгейі жануарлар, әсіресе үй жануарлары, арасындағы эпизоотия таралуымен байланысты. Инфекцияның көзі - ауру жануарлар. қоздырғыштың топырақта ұзақ сақталуы жануарлар арасында түйнеменің эндемиялық ауруының тууына себеп болады. Инфекцияның таралу жолдары әртүрлі: қатынасты – тұрмыстық (жануарларды қарағанда, терісін алғанда, ауру жануарлардың терісі мен жүнінен өнім жасағанда), аэрогенді (микробы бар шаңды жұтқанда), тағамдық (ауру жануарлардың шала өңделген етін қолданғанда) және трансмиссиялық (шыбын-теміреткілер қан сорғанда). Қоздырғыштың тіршілік ету формасына тікелей байланысты болады. Тірі организмде қоздырғыш вегетативті түрде болады, сыртқы ортада тұрақты спора түзеді. Вегетативтік түрлерінің тұрақтылығы төмен: 1000С-та бірден жойылады, 55-600С-та 30-40 минуттан кейін жойылады, қалыпты концентрациядағы дезинфекциялаушы ерітінділерде бірнеше минуттан кейін жойылады. Қоздырғыш споралары жоғары тұрақтылықпен ерекшеленеді, сондықтан қоршаған ортада өте ұзақ уақыт сақталына алады: 15-20 минут қайнатқанға шыдайды, 1200С-та автоклавтаған кезде 20 минутқа шыдайды, төменгі температурада, сұйық азот және кейбір дезинфектанттар әсер еткенде, құрғатуда, суда бірнеше жыл, ал топырақта ондаған жылдар бойы өмірге қабілеттілігін сақтайды.

Патогенезі, клиникасы және инфекциядан кейінгі иммунитеті.

Күйдіргі қоздырғышы – макроорганизмде тез көбеюге қабілетті, лимфо- және гематогенді жолмен таралатын, тек қана өзіне тән терминальдық септицемия шақытарын инвазивтілігі жоғары микроб.

Қоздырғыштың негізгі кіру қақпасы зақымдалған тері, сирек жағдайда тыныс алу және ас қорыту жолдарының шырышты қабаттары болып табылады. Қоздырғыштың енген жерінде күйдіргі карбункулы пайда болады(5.5.сурет). Қозғалғыш макрофагтардың қоздырғышты лимфа тамырларына тасымалдап, алып баруының салдарынан, жақын жатқан лимфа түйіндерінде лимфаденит дамиды.Үрдістің генерализациялануы, яғни қоздырғыштың қан арқылы бүкіл ағзаға таралуы терілік формасында сирек кездеседі. Күйдіргілік сепсис негізінен қоздырғыш тыныс алу немесе ас қорыту жолдарының шырышты қабықтары енген кезде дамиды.

Күйдіргінің патогенезінің негізінде, қоздырғыштың экзотоксинінің әсерінен туындайтын - спецификалық токсемия жатыр. Күйдіргілік токсин леталдық, ісінулік, протективтік және иммунодепрессивтік белсенділікке ие, сонымен қатар фагоцитозды басып, тіндердің ісінуімен көрінетін жергілікті қабыну шақырады, инфекциондық үрдістің терминалдық фазасында екіншілік шок тудырады. Негізінен лимфатикалық жүйе, қан және көкбауыр зақымдалады.

Инкубациялық кезеңінің ұзақтығы - бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, көп жағдайда 2-3 күн.

Клиникалық белгілері. Қазіргі кезде күйдіргінің клиникалық түрлері жайында бірлескен тұжырым жоқ. Соңғы шығып жатқа талқылауларда негізгі екі түрі айқындалып көрсетіледі: сыртқы зақымдану (терілік) түрі және ішкі (септикалық) түрі.

Сыртқы (терілік) түрі адамдар арасында ең жиі кездесетін түрі (95-98%), карбункулез, эдематоз, буллездік, рожа тәріздес және көздің зақымдалуы түрінде көрініс береді. Бұлардың арасында жиі кездесетін карбункулезді түрі шеттері қарайған, некроздалған ортасы жансызданған, жан жағы және оған жақын орналасқан лимфа түйіндері ісінген ойық жара түрінде көрініс береді. Карбункулдың даму кезеңдері: дақ- папула – везикула – пустула – ойық жара. Көбіне терінің ашық жерлері зақымдалады – қол, бет, мойын терілері. Сепсиске асқынбаған терілік түрі толық жазылап кетеді. 10-20% жағдайда өліммен аяқталады.

Ішкі (септикалық) түрі өкпелік, ішектік және септикалық түрлерге бөлінеді. Күйдіргінің өкпелік түрінде спора аспирациялық жолмен жұққан жағдайда ауру ағымы өте ауыр өтеді. Қоздырғыш енгеннен 2-3 күннен кейін, кейбір жағдайда бірнеше сағаттан кейін «тұмауға тән» симптомдар пайда болады: жалпы әлсіздік, бас пен бұлшық еттердің ауыруы, мұрыннан су ағу, көз жасаурау, дауысы қарлығып жөтелу. Интоксикация жоғарылаған сайын науқастың жағдайы күрт нашарлай бастайды, әлсіздік, дененің ауырсынуы, кеуде қысылып ауа жетіспеуі, ентігу, қалтырау, дене температурасының 39-410С көтерілуі мазалайды. Қақырық алдымен көпіршіктеніп, кейіннен біртіндеп шырыш, қан аралас болады, қан көп мөлшерде шыға бастаған кезде «таңқурай тосабы» сияқтанып кетеді. Өкпенің ісіну симптомдары карқындай бастайды. Тез арада жүрек – қан тамырларының жетіспеушілігі дамып, тахикардия болады. Науқас есін жоғалтпайды, оларда үрейлену, алаңдау сезімдері дамиды, жүректік - өкпелік жетіспеушілік салдарынан қайтыс болады. Күйдіргінің бұл түрі 2-5 тәулікке созылады.

Ішектік түрі адамдар арасында сирек кездеседі. Аурудың бастапқы кезеңінде жалпы әлсіздік, бас ауыру, бас айналу, көмей ашып, жұтынғанда ауру сезімі болады, дене қалтырап қызуы 38-390С-қа көтеріледі. Біраз уақыт өткеннен соң іштің тоқтамай немесе толғақ тәріздес ауыруы, жүректің айнуы, қан құсу, қан аралас іш өтуі сияқты симптомдар қосылдаы. Үрдіс таралған кезде көкірек қуысы ағзаларының зақымдалғандығын көрсететін белгілер пайда бола бастайды. Науқаста үрейлену, алаңдау, қорқу сезімдері дамиды. Жүрек қызметінің декомпенсациясы қарқындайды: артериалдық қысымның төмендеуі, жіп тәріздес пульс. Дерт 3-4 күнге созылады. Науқас жүректік жетіспеушілік салдарынан қайтыс болады.

Септикалық түрінде интоксикация өте қарқынды түрде дамиды, тері және ішкі ағзаларда көптеген қанталаулар болады, әсіресе мидың қабықтарында қанталау (аутопсияда «кардинал телпегі») жиі байқалады. Клиникалық көрінісінде ауырланған түрдегі инфекциялық-токсикалық шок симптомдары басым болады. Күйдіргінің септикалық түрі өз алдына өтуімен қатар басқа түрлерінің асқынуы ретінде болуы да мүмкін. Біріншілік сепсис кезінде жұққан кезден бастап 2-3 тәулікте науқас қайтыс болуы мүмкін, ал басқа түрлерінің асқынуы кезінде сепсистің белгілері пайда болғаннан 1-2 күннен кейін қайтыс болады.Аурудан кейін тұрақты, жасушалық-гуморальды, бөлінген антиденелердің басым көпшілгі антитоксикалық болып табылатын иммунитет қалыптасады, дегенмен рецидивтер болуы мүмкін.

Микробиологиялық диагноз қою.

Микробиологиялық зерттеудің мақсаты: күйдіргі қоздырғышын табу, оның антигендерін анықтау және организм сенсибилизацияланғандығын дәлелдеу.

Негізгі зерттеу әдістері: бактериоскопиялық, бактериологиялық, биологиялық, аллергиялық, Асколи бойынша термоприцепитация реакциясы.

Зерттеуге алынатын заттар: везикула және карбункула бөлінділері, сыдырылып түскен қабыршақ (струп) (терілік түрінде); қақырық (өкпелік түрінде); нәжіс (ішектік түрінде); қан (барлық түрлерінде); мәйіт материалдары (зақымданған ағзалар мен тіндер, қан мен көк бауыр); топырақ, тері, жануарлардың жүні, жемі, су, қоршаған орта объектілерінен шайындылар және т.б.

Патологиялық затты зертханалық зерттеу келесі кезеңдерден тұрады:

Сынамаларды зерттеуге даярлау. Бастапқы зерттеу затын микроскопта қарау. Қоректік орталарға себу. Зертханалық жануарларға жұқтыру. Антиген және антиденелерді табу мақсатында серологиялық реакциялар қою. Зерттеу мерзімдері: Микроскопиялық – келіп түскен күні. Бактериологиялық – үш тәулікке дейін. Биологиялық - 10 тәулікке дейін. Қоршаған орта объектілерінен алынған заттарды, тері мен жүнді бөгде микрофлорадан арылту үшін су моншасында 800С-та 20 минут термиялық өңдеуден өткізеді. Қоздырғыштың вегетативтік формасы бар заттарды (науқас адам мен жануарлардан алынған заттар, патологиялық материалдар, жануарлардың еті және т.б.) өңдемейді.

Бактериоскопиялық әдіс. Патологиялық материалдан бірнеше жағынды дайындап, ауада кептіріп, 96% спиртке 3% сутектің асқын тотығы ерітіндісін қосып 30 минут фиксациялайды. Сонан соң жағындыларды қыздырып немесе ауада кептіріп (люминисцентті микроскопиялау үшін) қояды. Жағындыларды грам әдісімен бояйды, капсуланы анықтау үшін Ребигер, Гинс, Михин немесе Романовский-Гимзе әдістерімен бояйды.

Капсуланы анықтау үшін ең тиімді әдіс Ребигер ерітіндісімен бояу болып табылады. Ребигер ерітіндісінің құрамына: 15-20 г генцианвиолетті 100мл 40% формалинда ерітіп, бөлме температурасында бірнеше сағат ұстап, сүзгіден өткізіп дайындайды. Жағындыны 15-30секунд, 1 минут бояйды. Бірақ жағындыны бояу барысында оның фиксацияланбағандығын естен шығаруға болмайды, сондықтан жағындыны зарарсыздандыру үшін, микроскопиялап болғаннан кейін, тез арада жағындыны толығымен 6% сутектің асқын тотығының ерітіндісіне батырып тастау қажет. Жаңа алынған патологиялық материалдан жасалынған жағындыда микроб денесі күлгін түске ал капсуласы солғын қызғылт немесе қызыл-күлгін түске боялады. Люминисцентті микроскопиялау кезінде микробтар вегетативті немесе спора күйінде байқалуы мүмкін. Спецификалық реакция кезінде жасушалардың (споралардың) шеттері анық жарқырап көрінеді.

Бактериологиялық әдіс. Жеткізілген зерттеу затына байланысты сынамаларды келесі қоректік орталарға: Хоттингер агарына, ЕПА-ға, немесе дифференциальды-диагностикалық орталарға, Хоттингер сорпасына немесе ЕПС-ға себеді. Бір сынаманы 5-10 табақшаға сепкен жөн, себіндіні шпатель көмегімен жасау керек, ал ластанған заттарды сепкен кезде «аздыру» әдісін қолданған жөн. Себінділерді термостатта (36-370С) 18-20 сағат инкубациялайды.

Биологиялық әдіс. Зерттеуге дайындалған затты натрий хлоридінің изотоникалық ерітінідісінің аз мөлшерінде эмульгациялап, 0,2-0,5мл мөлшерінде екі ақ тышқанның және 0,5-1мл мөлшерінде екі теңіз шошқасының санының ішкі жағына енгізеді. Жануарлар 1-3 күннен кейін, кейде одан да кеш, септицемиядан өледі. Сынаманы енгізген жерде ісік пен гиперемия байқалады. Тірі қалған жануарларды 10 тәулік бойы бақылауға алады.

«Маржан алқа тісті» - модификацияланған жеделдетілген түрі. Хоттингер сорпасына 20% инактивацияланған жылқы сарысуын және 0,5 Бірл.\мл пенициллин қосады. Стерилділікті сақтай отырып, ортаны 2-3мл-ден пробиркаларға құйып, оған 2 тамшыдан сорпалық немесе агарлық дақылдан идентификациялауға арналған ілмекпен себеді. Себінділерді 370С, 3 сағат инкубациялайды. Сонан соң жағынды дайындап, фиксациялайды, метилен көгімен бояп микроскопта қарайды. Жағындыда күйдіргі бациллалары тізілген шарлар түрінде орналасады, - бұл микроб жасушасының қабырғасына пенициллиннің әсерінің салдары. Спора түзетін сапрофиттер пенициллинге төзімді болып келеді.

Капсула барын бірнеше әдіспен анықтауға болады. дақылды 1% бикарбонатты агарға сеуіп, 10-50% СО2 енгізілген анаэростатта немесе эксикаторда инкубациялайды (37 0С). 18-24 сағат өткеннен кейін спора түзе алатын дақылдар ірі, шырышты колониялар түзеді. Регибер бойынша және капсула-соматикалық люминесценциялаушы күйдіргі сарысуымен боялған жағындыларда капсуламен қоршалған таяқшалар тізбегі анық көрінеді;

дақылды Хенкстің сұйық қоректік ортасын себеді. Пробиркаларды стерильді тығындармен тығындап, 16-18 сағат (37 0С) инкубациялайды. Капсула түзетін күйдіргі жасушаларын, дақылдан алынған жағындыны микроскопиялау арқылы анықтайды;

биосынамалық жануарлардың мәйітін ашқаннан кейін перитониалдық экссудаттан, каннан, ағзалардан таңбалық жағындылар алып Регибер әдісімен немесе метилен көгімен бояу арқылы анықтайды. Микроскоппен қараған кезде дайындалған жағындыларда қысқа тізбектеліп немесе бөлек жасушалар күйінде, сырты қызғылт капсуламен қоршалған микробтар көрінеді.

Қой эритроциттерін гемолиздеу қабілетін ЕПА-да немесе 3-5% қойдың дефибринделген қаны қосылған Хоттингер ортасында зерттейді. Дақылды ілмекпен агар секторларына себеді. Нәтижесін 18-20 сағат (37 0С) инкубациялағаннан кейін ескереді. Күйдіргі микробы басқа спора түзуші сапрофиттермен салыстырғанда бұндай уақыт аралығында қой эритроциттерін ерітпейді.

Лецитиназалық белсенділігін сұйық саруызды немесе саруыз қосылған Хоттингер агарында анықтайды. Күйдіргі микробы сұйық ортада бірнеше тәулік бойы инкубациялаған кезде саруызды ұйытпайды. Тығыз ортада өсірген кезде колонияларының айналасында лайланған ақшыл аймақ түзілмейді.

Антибиотиктерге сезімталдығын анықтаған кезде міндетті түрде пенициллин, тетрациклин және рифампицин сіңірілген қағаз дискілерді қолданады, бұл күйдіргі микробының тағыда бір дифференциалдық белгісі болып табылады, себебі бір туыстастыққа жататын сапрофиттер бұл антибиотиктерге тұрақты болып келеді.

Асколи бойынша термоприцепитация реакциясы. Бұл реакция күйдіргі антигенін жара қабыршақтарынан, ескірген заттардан, аурудан өлген жануарлардың терісі мен ағзаларынан, шірінділерден алынған зерттеу заттарынан табуға мүмкіндік береді. Ұсақтап дайындалған затты натрий хлоридінің 0,9% ерітіндісімен 1:10 –ға сұйылтып, 5-10 минут бойы қайнату арқылы экстракциялайды. Алынған экстрактты бірнеше рет сүзгіден өткізіп, мөлдір болғанша тазартады.

Жіңішке пробиркаларға күйдіргінің приципитациялаушы 0,2-03мл сарысуын құяды, сонан соң дайындап қойған экстрактты пастер пипеткасымен баяу, қабаттап құяды. Егер реакция оң болса 15 минуттан кейін, сұйықтықтар жанасқан жерінде лайланған сақина түзіледі. Егер реакция күмәнді болса сақина 15 минут өтіп кеткеннен кейін, кешірек пайда болады. Реакция теріс болған жағдайда сақина мүлдем түзілмейді.

Аллергиялық сынама. Күйдіргі кезінде аллергиялық әдісті қолдануға көрсетулер: ауыруға ретроспективті диагноз қою; эпидемиологиялық зерттеу; вакцинациялайтын адамдарды анықтау. Диагноз қою үшін күйдіргі антигенімен (антраксин) тері-аллергиялық сынама жасалынады. Антраксинді 0,1мл мөлшерде сол қол білегінің ішкі жағына, тері ішіне енгізеді. Реакция нәтижесін 24-48 сағаттан кейін ескереді. Реакция оң болған жағдайда науқастанудың бірінші күндерінде енгізу жерлерінде гиперемия және инфильтраттар байқала бастайды.

Генетикалық зерттеу әдістері жоғары сезімталдылықпен сипатталады, аз уақыт аралығында бірен - саран кездесетін жасушаларды табуға мүмкіндік береді. Күйдіргінің Қазақстандық штамдарын Keim Clade генотиптеу барысында олардың “A” генотиптік тобына жататындығы анықталды, бұл топ жер шарында кеңінен таралған. Қазақстан аумағында күйдіргі қоздырғыштарының әртүрлі генотиптерінің географиялық таралуы анықталған.

Поилмераздық тізбектік реакция (ПЦР) жоғары сезімталдылыққа ие, қатаң спецификалық болуына байланысты дақылдандырусыз, сынамадан бірден қоздырғышты табуға мүмкіндік береді. Кемшіліктеріне - оның қымбаттылығы, күрделі құралдың және жоғары стандартты

Сібір күйдіргісін емдеу мен алдын алу. Күйдіргіге қарсы арнайы иммундыглобулин мен патогенетикалық емдеу (аурудың ағымының ауырлығына байланысты енгізілген сұйықтықтың көлемі күн сайын 0,5 – 1,0л аралығында болуы керек) жүргізіледі. Пенициллиндер, тетрациклиндер және фторхиналондар қатарына жататын антибиотиктер жақсы нәтиже береді.

Қазіргі кезде төрт типті вакцина қолданылады.

Вакцинация эпидемиялық көрсеткіш бойынша, яғни мал шаруашылығы және мал өнімдерін дайындаумен айналысатындар арасында жүргізіледі. Бейспецификалық сақтандыру ветеринарлық-санитарлық шаралардың кешенімен бірлесіп өткізіледі: инфекцияның ошақтарын анықтап алғаннан соң, сол жерлерде нұсқауларға сәйкес жою жұмыстарын жүргізеді.

Тесттер.

1. Ауыр интоксикациямен және теріде карбункулдың пайда болуымен сипатталатын зоонозды ауруға ... жатады.

  1. туляремия

  2. оба

  3. сібір күйдіргісі

  4. бруцеллез

  5. тырысқақ

2. Спора түзбейтін, 37°С температурада капсула синтездейтін, материалдан алынған жағындыда биполярлы боялатын полиморфты сопақша қозғалмайтын таяқшалар ... қоздырғышына тән.

a) бруцеллез

b) туляремия

c) оба

d) сібір күйдіргісінің

e) тырысқақ

3. Экзотоксинінің құрамында ісіну факторы, протективті антиген және летальділік факторы бар қоздырғышқа ... жатады.

a) бруцеллез

b) оба

c) туляремия

d) сібір күйдіргісі

e) тырысқақ

4. Сібір күйдіргісінің адамдағы негізгі белгілеріне ... жатады.

1. жаралы гастроэнтерит

2. бронхопневмония

3. терілік зақымдалулар

4. менингит

5. коньюктивит

a) 1,2,3

b) 1,3

c) 2,4,5

d) 4,5

e) 1,2,3,4

5. Сібір күйдіргісі қоздырғышының токсикалық әсеріне жағдай жасаушы заттар:

1. ісіну факторы

2. протективті антиген

3. летальділік факторы

4. а-токсин

5. А ақуыз

a) 1,3

b) 1,2,3

c) 2,4,5

d) 4,5

е ) 1,2,3,4

6. Адам ағзасында және арнайы қоректік ортада капсула түзетін, грам оң, ірі, таяқша тәрізді бактерия ... қоздырғышы болып табылады.

a) сібір күйдіргісінің

b) обаның

c) туляремияның

d) бруцеллездің

e) тырысқақтың

7. R- колония түзетін,микроскоптың кіші объективінде медузаның басы, арыстанның жалына ұқсайтын бактерия ... қоздырғышы болып табылады.

a) тырысқақтың

b) обаның

c) туляремияның

d) бруцеллездің

e) сібір күйдіргісінің

8. ... спорасы жоғары температураға, кептіргенге төзімді және топырақта бірнеше жыл сақталады.

a) Туляремияның

b) Обаның

c) Сібір күйдіргісінің

d) Бруцеллездің

e) Тырысқақтың

9. Сібір күйдіргісі жиі ... түрінде жүреді.

a) өкпелік

b) терілік

c) ішектік

d) менингиалды

e) конъюктивті

10. Антраксинмен аллергиялық тері ішілік сынама ... жүргізіледі.

a) сібір күйдіргісінде

b) обада

c) туляремияда

d) бруцеллезде

e) тырысқақта

11. Грам оң қозғалмайтын ірі таяқша, спорасы ортасында орналасқан қоздырғыш ... болып табылады.

a) сібір күйдіргісі

b) оба

c) туляремия

d) бруцеллез

e) тырысқақ

6-БӨЛІМ

Ауа тамшылы жұқпалы ауруларының қоздырғыштары.