Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Терапиядағы мейірбике ісі Баймагамбетова К.М..doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
9 Мб
Скачать
☆

Қант сусамыры

(diabetes mellitus)

Қант сусамыры (қантты диабет) – деген аурудың аты гректің “diabino”(өту, өтіп кету) және “mellits” (тәтті) деген сөздерінен шыққан.Бұл созылмалы сырқат. Қант сусамырына шалдыққан адамның зәрінің дәмі тәтті екендігін көне замандағы дәрігерлер білген. Сырқаттың нәтижесінде ұйқы безінің шығаратын инсулин гормонының жеткіліксіздігі жатыр. Инсулин тапшылығынан зат алмасу дәрісі, әсіресе көмір сулардың химиялық ажырауымен денеге сіңуі бұзылады. Соның салдарынан қанның құрамындағы глюкозаның мөлшері жоғарылап, ол зәрмен бөлінеді, зәрдің тәтті болады. Қант сусамырында ұйқы безі зақымдалып, көмір сулар алмасуы өзгергендіктен дамитынын ғылыми тәжірибе арқылы дәлелдеген О. Минковский мен И. Меринг (1889 – 1892 жж) болатын. Бұлардан бұрын 1869 жылы П. Лангерганс ұйқы безінен бір топ ерекше торшаларды тауып, олардың қызметі бездің басқа бөліктерінен өзгеше екендігін айқындаған. Кейін бұл торшалар тобы Лангерганс аралшасы деп аталды. Осы Лангерганс аралшасындағы В – торшалардың қанға шығаратын сөлін (гормонын) сорып алып, безін алып тастаған жануарларға еккенде, зат алмасу дәрісіндегі өзгерістер қалпына келетіндігі дәлелденді. 1921 жылы канадалық ғылымдар Ф. Бантинг пен Г. Бест ұйқы безінің В – торшаларынан гормон бөліп алып оны инсулин деп атады. Қант сусамыры кең тараған аурулардың бірі. Ол жер шарының барлық аймақтарында кездеседі.

Этиологиясы мен патогенезі. Қант сусамырының басты себебі ұйқы безіндегі В – торшалары зақымдалып, олардың инсулин бөлу қызметінің нашарлауы болып табылады. В – торшаларының қызметі көбіне жұқпа немесе психикалық жарақаттан кейін бұзылады. Кейде ұйқы безі қабынғанда немесе бездегі қан айналысы бұзылғанда дамиды. Бұл аурумен науқастардың көбінде осы ауруға тұқым қуалайтын бейімділік байқалады. Зат алмасу дәрісіне басқа да іш сөлденіс бездерінің гормондары әсер етеді. Олар қандағы глюкозаның мөлшерін жоғарылатады. Бұл жағдайда инсулиннің мөлшері жеткілікті болғанның өзінде, көмірсулардың ыдырауы және сіңуі қиындайды. Сырқаттың дамуына әсер ететін мәнбірлерге семіздік, ұйқы безінің улы заттар мен улануы, ұзақ уақыт көмірсулар алмасуына әсер ететін дәрілерді қолдану және т.б. жатады. Осы айтып кеткен себептердің әсерінен қанда инсулиннің мөлшері азайып, көмірсулардың ажырауы және олардың торшаларға сіңуі, глюкозадан гликогеннің, майлы заттардың түзілуі бұзылады. Сондықтан қанда глюкоза көбейеді. Бүйректің өзекшелерінде қайта қанға сіңірілмегендіктен глюкоза зәрмен бөлінеді. Қант сусамырында көмірсулардың ыдырауы бұзылғандықтан денедегі әрбір мүшенің құрамына кіретін, әр торшаның тіршілігіне қажет ақуыздың түзілуі төмендейді. Көмірсу дәрісінің бұзылуымен қатар майлы заттардың алмасуы да бұзылады. Қанда майлы қышқылдар түзілуі баяулайды, ал бос майлы қышқылдар көбейеді. Бауырдың құрамында болатын гликоген аз түзілгендіктен, оның орнына бауыр торшаларына қандағы майлы заттар тұнады. Бауырда оттегінің қатысуымен жүретін зат алмасуы бәсеңдейді. Нәтижесінде қанда түгел ыдырап үлгермеген ацитон және басқа қышқыл заттар (В - оксимайқышқылдары) көбейіп, қанның қышқыл – негіздік тепе – теңдігі қышқылдыққа (ацидозға) ауысады. Сонымен қатар қант сусамырында ағзадағы электролиттер мен су алмасуы өзгереді. Зәрмен бөлініп шыққан глюкоза зәрдің қысымын жоғарылатады да, бүйрек өзекшелері арқылы судың қайта сіңуі тежеледі, шығарылатын зәрдің мөлшері көбейеді. Зәр көп бөлінгендіктен ағза сусызданады, науқас шөлдеп судыкөп ішеді. Осы бұзылыстардың әсерінен барлық ағзалар зақымданады. Әсіресе қан тамырлары өзгеріп, қан айналысы бұзылып, жүректе, көздің торлы қабығында, бүйректе, жүйке жүйесінде дистрофия дамып, ағзалардың қызметі нашарлайды.

Жіктелуі. Сырқаттың даму дәрежесінің ауырлығына қарай 3 түрі болады: жеңіл, орташа және ауыр түрлері. Жеңіл түрінде клиникалық белгілері айқын болмайды. Қандағы глюкоза шамалы ғана көбейіп (1,8 г/л), глюкозурия байқалмауы да мүмкін. Бұл түрін емдәм тәртібімен емдеуде нәтижелі болады. Сырқаттың орташа түрінде басқа клиникалық белгілері, гипергликемия (2,5 г/л) мен глюкозурия айқын білінеді. Сырқатты емдеу үшін арнайы емдәм және қандағы глюкозаның мөлшерін азайтатын дәрілер тағайындалады. Ауыр түрінде клиникалық белгілері өршіп, ағзадағы мүшелердің бәріде ауыр зақымдалады. Гипергликемия (2,5 г/л – ден жоғары асып кетеді) мен глюкозурия өте айқын болып, қан мен зәрде кетонды улы заттар көбейеді. Бұл түрінде жиі кома байқалуы мүмкін. Ішкі ағзалардың зақымдану дәрежесіне байланысты теңгеру, компенсациялық (ағзалар өз қызметін атқара алады) және декомпенсациялық (ағзалар өз қызметін атқарудан айырылады) түрлері болады. Кәзіргі уақытта қант сусамырының айқын бейнелі түрі инсулинге тәуелді (инсулинді қажет ететін) және инсулинге тәуелсіз (инсулинді қажет етпейтін) деп бөлінеді. Сырқаттың инсулинге тәуелді түрі диабеттің І - түрі деп, ал инсулинге тәуелсіз түрі диабеттің ІІ - түрі деп аталады. Қант сусамырының І – түріне көбіне жас адамдар шалдығады. Әдетте ол ұйқы безінің жұқпа мен зақымданып, инсулин тым аз түзілгендіктен дамиды. Бұл түрі ауыр түрде өтеді, асқынулар ерте білінеді. Сырқаттың ІІ – түрімен жасы ұлғайған адамдар жиі ауырады. Инсулиннің мөлшері онша өзгермейді. Кейінгі кезде диабеталдылық хал деген де ұғым бар. Бұл жағдай аурудың белгілерін бермесе де, көмірсу алмасуының өзгерістері байқалады. Қант сусамырының жасырын түріде кездеседі. Бұл түрінде аурудың клиникалық белгілері байқалмайды, қандағы глюкозаның мөлшері өзгермейді, зәрде глюкоза болмайды.

Клиникалық бейнесі. Қант сусамырының негізгі белгісі науқастың аузы құрғап, шөлдеуі. Науқас сұйықты көп ішуге мәжбүр болады. Бірақ қанша су ішсе де шөлі қанбайды. Суды көп ішкендіктен кіші дәреті жиілейді, мөлшері көбейеді (полиурия). Тамаққа тәбеті артып, жиі тамақтанады (полифагия). Науқас әлсірегенін сезеді, жұмысқа деген қабілеті төмендейді. дене терісі қышиды, теріге іріңді жаралар жиі шығады. Терісі құрғап, қабыршақтанғаны байқалады. Бет терісі қызарады. Қасынған жерлерде із қалады. Ұзақ ауырғандардың терісінің шелді қабаты семеді, аяқтарындағы жаралардың жазылуы қиындайды. Зат алмасу дәрісі өзгергендіктен бүкіл жүйелер зақымданады. Қан тамырларының зақымдануынан ірі қан тамырларында атеросклероз дамып, ұсақ тамырларында қан ағысы бәсеңдейді, тіндерге оттегі мен басқа қоректік заттар аз жеткізіледі. Жүректің бұлшық еті зақымдалып, оның жұмысы әлсірейді. Қан айналысы бұзылғандықтан науқастың аяғы жансызданады, онда трофикалық жаралар пайда болады. Тыныс жолдарының шырышты қабықтары құрғап, трахеит, бронхит, өкпе қабынуы дамуы мүмкін. Қант сусамырына өкпе туберкулезі жиі қосарланады. Ас қорыту жүйесіне келер болсақ, науқастың ауыз қуысымен тілдің шырышты қабығы құрғап, тістері түсіп қалады. Май алмасу дәрісі бұзылып, бауыр зақымданып, циррозға ұшырауы мүмкін. Асқазан мен ішектің шырышты қабаттарындағы бездер семіп, сөл бөлу және асты сіңіру дәрістері нашарлайды. Қант сусамырында бүйректің зақымдануы нақты түрде білінеді. Бүйректің қан тамырлары зақымдалғандықтан зәрмен ақуыздар көп шығады (протеинурия). Сырқат асқына келе бүректің ұсақ тамырларының қабырғалары шорланып, саңылауы бітеліп, улы заттарды бөліп шығару қызметі нашарлайды. Қан қысымы жоғарылайды. Көз тамырларының зақымданғынынан көз көру қабілеті төмендейді (диабеттік ретинопатия). Қант сусамырындағы жүйке жүйесінің зақымдануына ерекше көңіл бөлу керек. Науқастың басы ауырып, ұмытшақтанып, ұйқысы бұзылады. Науқастардың аяқ – қолы ауырып, саусақтарының жаны кетіп, күші азаяды. Осының салдарынан жылу сезімі бұзылып, ыстықты қолданғанда күйік зардабына ұшырауы мүмкін.

Сырқаттың асқыну зардаптары. Жиі кездесетін асқынуларға көздің көрмей қалуы, аяқтағы жаралардың өлі еттеніп гангренаға ұшырауы, васкулиттер жатады. Иммун жүйесінің әлсіздігінен әр түрлі жұқпалар дамиды (стоматит, пиелонефрит, кандидоздар). Ең қауіпті асқыну – команың дамуы. Қандағы қанттың мөлшеріне байланысты 2 түрі болады: кетон қышқылды кома (гипергликемиялық) және гипогликемиялық кома.

Кетон қышқылды кома (гипергликемиялық). Команың бұл түрі ағзаға инсулиннің жетіспеуінен, көмірсудың, майлардың алмасу дәрісінің бұзылуынан дамиды. Қант сусамырынан емделмеген науқастарда, инсулинді жеткілікті екпегенде, тамақты тым көп ішкенде, ауыр жұқпалы аурулармен ауырғанда, шаршап шалдыққанда және психикалық жарақат алғанда пайда болуы мүмкін.