Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Терапиядағы мейірбике ісі Баймагамбетова К.М..doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
9 Мб
Скачать
☆

Созылмалы бронхит

Дүние жүзі Денсаулық Сақтау Ұйымының қабылданған қаулысы бойынша созылмалы бронхит деп екі жыл қатар, әр жылда кем дегенде үш ай бойы қақырық тастауды білдіреді. Созылмалы бронхит тыныс жолындағы бронхтың бастапқыда кілегей қабатының қабынып, сонан соң біртіндеп оның терең жатқан қабаттары мен бронхтардың жанындағы орналасқан дәнекер тініне ауысуынан пайда болады. Бұл өте кең тараған сырқаттардың бірі болып табылады. Онымен көбінесе ересек жастағы ер адамдар қатары және шылым шегетіндер науқастанады.

Этиологиясы. Көбінесе жұқпаның әсерінен туындайды (вирустар, бактериялар, олардың ішінде пневмококк, стрептококк жиі кездеседі). Бронхтың кілегей қабаты жұқпаның әсерінен қабынып, қызарып, ісінеді. Басында гипертрофиялық дәріс дамиды, бара – бара атрофиялық дәріске ауысады. Бронх қабырғаларында дәнекер тіні өсіп, олар серпімділік қасиетінен айырылады. Өзгерістерге ұшыраған бронх талшықтарының өткізгіш қабілеті төмендеп, демікпеге әкеліп соқтырады. Осымен қатар сыртқы ортаның, қоршаған атмосфералық ауаның қолайсыз әсерлері, шылымды жиі шегу және басқа мәнбірлер қатары ықпалын тигізеді. Мысалы, ауаның құрамындағы түрлі химиялық зиянды заттар тыныс алу жолдарын зақымдағандықтан, бронхтың кілегейлі қабаты үнемі өзгеріп, белсенділік қасиеті тежеледі. Сөйтіп бронхтың тарамдарының сілекей қабаттары бактериялардан қорғану қабілетін жоғалтады.

Клиникалық бейнесі. Сырқат біртіндеп басталады. Уыттану белгілері сырқат барысында айқын білінеді: науқас әлсізденеді, дене қызуы көтеріледі, басы ауырады, тамаққа тәбеті тартпайды. Бронх тарамдарында шырышты қабаты ісініп, суланады. Жиылған қақырық тыныс жолдарын тітіркендіріп, жөтелді тудырады. Бастапқы кезеңде жөтел көбіне таңғы уақытты пайда болады да, қақырық бөлінгеннен кейін барып қана басылады. Қоршаған орта суық әрі ылғалды болған жағдайда жөтел күшейе түседі. Жөтел бара – бара науқасты күндіз – түні мазалайтын болады. Аурудың соңғы кезеңінде жөтелу рефлексі саябырлап, бронх тарамдарында жиналған қақырық қалыпты тыныс алуға кедергі келтіреді. Күшеніп жөтелетін болғандықтан науқас адамның беті мен мойыны қызарып, қан тамырлары кеңейгенің сырттан байқауға болады. Таңертеңгілік қиналып жөтелу созылмалы бронхиттің негізгі белгісі болып табылады. Кешкілік және түнге таман жиі қайталанатын жөтелден науқас ысылдап дем алады, тұншыққандай күй кешеді. Сырқат адамнан бөлінетін қақырық бастапқы да кілегейлі, ашық түсті болады. Тәулігіне науқастан 50 мл, ал іріңді жағдайда одан да көп қақырық бөлінеді. Мұндай құбылыстар уақыт өткен сайын өршіп ұсақ бронхыларды қамтиды да, олардың ауа өткізгіштігін кемітеді. Ағзаға ауа жетіспегендіктен ентігу пайда болады. Ентігу алғашқыда денеге шамадан тыс салмақ түскенде, дерттің асқыну құбылысы барысында дамып, тұрақты күйге ауысады. Ауруға қосылған асқынулардан кеуде торшасы бөшке тәрізденеді (эмфиземада). Тықылдатқанда өкпе дыбысының реңі өзгергенің байқауға болады. Тыңдағанда бронхиалдық дем естіледі (демнің сыртқа шығару компоненті ұзарған). Өкпеде құрғақ және ылғалды сырылдар естіледі.

Созылмалы обструктивтік бронхитте бронхтардың шырышты қабатының қабынуымен қатар обструкция (бронх тармақтарының тарылып, қысылуы) байқалады. Бұл сырқаттың дамуына темекі шегу, өндіріс пен қоршаған ортадағы шаң – тозаңның әсерлері, жұқпа – аллергиялық жағдайлар әкеліп соғады. Обструктивтік бронхиттің клиникалық бейнесіне айтылып кеткен белгілермен қатар ысқырықты тыныс алу, ентігу білінеді. Науқастың кеуде қуысы ерекше өзгеріске ұшырайды: пішіні бөшке тәрізді, өкпенің төменгі шеті төмендей түседі, тыныс және жүрек дыбыстары әлсірейді. Дем алу дәрісіне қосымша бұлшық еттер қатысады, қабырға аралықтары өзгереді. Аускультацияда көптеген сырылдар естіліп, дем шығару мерзімі ұзарады. Бронхылардың обструкциясын анықтау үшін өкпе сиымдылығын спирометрия, пневмотахометрия, пикфлоуметрия әдістері арқылы тексереді.

Қанда: лейкоцитоз байқалады, ЭТЖ артады. Өкпенің сыртқы тыныс алу қызметін тексергенде (пневмотахометрия, спирометрия, пикфлоуметрия) бронх тарамдарының өткізгіш көлемінің көрсеткіштерінің төмендегенін байқаймыз. Рентген сәулесімен тексергенде бронхылардың деформацияға ұшырағанын байқайды (пішінінің өзгеруі). Сонымен қатар бұл сырқатта диагноз қою үшін қақырықты тексеру әдістері маңызды роль атқарады.

Созылмалы бронхитте байқалатын асқынулар: жөтелдің әсерінен бронхтардың соңғы талшықтары кеңейіп, өзгереді (бронхоэктаз ауруы); бронх қабырғаларына дәнекер тіні өсіп, пневмосклероз дамиды; жөтелдің әсерінен өкпе альвеолары жарылып, өкпеге ауа көп мөлшерде жиналады(эмфизема); аурудың соңғы кезеңінде өкпе – жүрек жеткіліксіздігі дамиды.

Емі. Науқасты ауруханада емдеген жөн. Уыттану белгілері жойылғанша төсек тәртібін сақтауы тиіс. Емдәм тәртібінің ерекшелік талабына қатысты көп мөлшерде сұйықтықтарды қабылдаған дұрыс, қақырықты жібітіп, жеңіл түрде сыртқа шығаруға әсерін тигізу үшін. Бактерияларға қарсы 2 – 3 апта бойы антибиотиктер мен сульфаниламидтер топтарына жататын дәрі – дәрмектер түрлерін қолданады. Бронхтардың өткізгіш қызыметін жақсарту және қақырықты түсіру үшін бронхолитик дәрілерін тағайындайды (эуфиллин, эфедрин, теофедрин). Созылмалы обструктивтік бронхитте бронх тармақтарының тарылуын жою мақсатымен бронхолитиктер, кортикостероид дәрі – дәрмектері парентералдық және ингаляция түрінде қолданады. Осы мақсатпен шөп қайнатпаларын қолданады. Физиоемін тағайындайды. Осымен қатар демдік дене шынықтырумен айналысқан жөн. Созылмалы бронхитпен ауыратын науқастар диспансерлік бақылау тізіміне алынып, дәрігердің қадағалауында болуы тиіс. Көктемде және күз мезгілдерінде алдын алу емін науқастар қабылдап отырады.

Алдын алуы. Өткір респираторлық жұқпаларды өткізіп алмай уақытылы ем көрсетіліп, суық тигізіп алмау мәнбірлерін қадағалап жүрген дұрыс. Денені шынықтырып, жағымсыз қылықтардан арылтуға дағдыланған жөн. Сонымен қоса жоғарғы тыныс жолдарының тазалық гигиенасын сақтаған жөн.

Бақылау сұрақтары

  1. Сырқатқа жалпылама түрде сипаттама беріңіз.

  2. Жедел және созылмалы бронх қабынуының клиникалық бейнесінің, зертханалық және құрал – жабдық аппарат арқылы тексерістер түрлерінің бір – бірінен қандай айырмашылықтары бар?

  3. Созылмалы обструктивті бронхиттің негізін айтып шығыңыз.

  4. Сырқаттың емдік қағидасының негізі.

  5. Аурудың алдын алу шараларына түсінік беріңіз.