Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Терапиядағы мейірбике ісі Баймагамбетова К.М..doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
9 Мб
Скачать
☆

Гастриттер

Гастрит дегеніміз - асқазанның ішкі кілегей қабатының қабынуы. Ағымына байланысты гастриттің жедел және созылмалы түрлері бар.

Жедел гастрит

Этиологиясы. Дұрыс тамақтанбау, ішімдік ішу, ретсіз көп мөлшерде дәрі - дәрмектерді қолдану (ацетилсалицил қышқылы, сульфаниламидтер т.б.). Асқазан сөлінің мөлшері азайғанда немесе көбейгенде ас қорыту дәрісі бұзылады. Осы себептен тамақ қалдықтары асқазанның ішкі кілегейлі қабатын тітіркендіріп қабыну дәрісіне әкеліп соқтырады. Жағымсыз тағамдардың ішіндегі улы заттар асқазан қабынуына әкеліп соғуы мүмкін.

Клиникалық бейнесі. Қалыпты түрде айтылып кеткен мәнбірлердің әсерінен тез арада 4 - 6 сағаттан кейін науқастың іші бүріп қатты ауырады, қыжылдау, тамаққа тәбетінің төмендеуі, аузынан жағымсыз иіс, кекірік, лоқсу, құсу, іштің кебуі және өтуі байқалады. Ауырсыну сезімі ұстамалы түрде өтеді. Науқастың дене қызуы көтеріледі, әлсіздік пайда болады. Қарағанда терісі боз, тершең, тілі уылған. Сипағанда құрсақ қуысы ауырсынады, көбіне эпигастр маңайында. Тамыр соғуы жиілейді, қан қысымы сәл төмендейді. Қанда ЭТЖ артады, лейкоцитоз білінеді.

Дерт анықтамасы. Ауру сыртартқы арқылы және клиникалық белгілеріне сүйеніп анықталынады. Фиброгастроскопия әдісін қолданғанда асқазанның ішкі кілегейлі қабатының ісініп, қызарғанын байқайды. Қалыпты түрде жедел гастритте науқас бір аптаның ішінде жазылып шығады. Кейбір жағдайларда ауру созылмалы түріне айналады.

Емі. Негізгі ем қағидасы - асқазанды жуып тағам қалдықтарынан босату. Егер жағымсыз тамақ ішкеніне 6 сағат өтіп кетсе, сифон клизмасын қолданып ішекті жуып босатады. Емдәм терапиясын жүргізу. Алғашқы бір екі күнде науқас ашығады. Ауырсынуды басу үшін спазмолитик тобының дәрі – дәрмектерімен қолданады. Платифиллин 0,2% - 2 мл тері астына немесе но - шпа ертіндісі 2 мл тері астына. Тоқтаусыз құсықта көк тамырға 0,9% - 500 мл изотоникалық ертіндісін немесе 5% глюкоза ертіндісін енгізеді.

Созылмалы гастрит

Әртүрлі мәнбірлердің әсерінен асқазанның ішкі кілегейлі қабатының қайталанған түрде қабынуын созылмалы гастрит деп атайды. Созылмалы гастриттің эндогенді және экзогенді түрі бар.

Этиологиясы. Ауруға әкеп соғатын негізгі себептердің бірі жиі кездесетін жедел гастрит. Осымен бірге асқазан ішкі кілегейлі қабатына жағымсыз әсер ететін мәнбірлер маңызды роль атқарады. Маскүнедік, шылым шегу, әртүрлі ретсіз, көп мөлшерде дәрі - дәрмектерді қабылдау, дұрыс тамақтанбау.

Созылмалы гастриттің сөліне байланысты үш түрі бар:

  1. сөлі жоғары;

  2. сөлі өзгермеген;

  3. сөлі төмен.

Аурудың белгілері сөлінің құрамына және мөлшеріне байланысты.

Клиникалық бейнесі. Жалпы түрде науқастың жағдайы қатты нашарламайды. Жұмысын істеп жүре береді.

Шағымдары: эпигастрий тұсында ауырсыну сезіледі, тамаққа тәбеті төмен, кекіру, қыжылдау, лоқсу, құсу байқалады. Ісінген асқазанның ішкі кілегейлі қабаты әртүрлі тітіркенгіштердің әсерінен ауырсыну тудырады. Осымен бірге жоғары сөлдің қышқылдығы әсер етеді. Науқас тамақ ішкенде асқазаннан қышқыл сөл бөлініп, ауырсыну тудырады. Құсықтан кейін асқазан босап, ауырсыну басылады. Айтып кеткендей созылмалы гастриттің клиникалық бейнесі сөліне байланысты. Егер асқазан сөлі жоғары болса науқаста қыжылдау білінеді, үлкен дәреті кідіріп қалады. Ауырсыну аш қарында білініп, тамақтан кейін басылады. Ал егер асқазан сөлі төмен болса ішкен тамақ уақытында қорытылмай, науқаста жағымсыз иісті кекіру, іштің өтуі байқалады, тамаққа тәбеті төмендейді, тілі уылады. Осы аурумен ауыратын науқастарда қан қысымы сәл төмендейді, адинамия дамиды. Негізінде ауырсыну белгісі тамақ ішкеннен кейін білінген соң, науқастар тамақ ішуден бас тартады, жүдейді. Сөлі жоғары созылмалы гастритте асқазаннан қан кету жиі кездеседі. Ал сөлі төмен созылмалы гастриттерде сирек кездеседі. Бұл мерсімсіз ауру. Аурудың ағымында науқастың жағдайы уақытша оңалып, патологиялық мәнбірлердің әсерінен қайталанып отырады. Қарағанда: тілі уылған, науқас жүдеу болуы мүмкін. Бетті және терең түрдегі сипалау жүргізгенде эпигастрий маңайында ауырсыну білінеді.

Дерт анықтамасы. Сырқатты анықтау үшін науқастың шағымдарын талдап, қосымша әдістерін жүргізеді. Жалпы қан анализінде: ЭТЖ артады, лейкоцитоз білінеді. Анемия болуы мүмкін, себебі асқазанның кілегейлі қабаты қалыпты түрде В12 витаминін шығарады. Гастритте бұл витамин шықпайды, жетіспейді, сондықтан қан жарату дәрісі бұзылады да қан аздық білінеді.

Асқазан сөлін тексеру маңызды роль атқарады, яғни асқазан сөлінің құрамына байланысты арнаулы ем жүргізіледі. Нәжісті жасырынды қанға тексеріп, қансырау белгілерін анықтайды. Құрал - жабдық аппарат арқылы тексерістермен қолданып нақты диагноз қояды. Бұларға рентгенге түсірілген сурет, рентгенмен көріп тексеру және гастроскоп аппараты арқылы (фиброгастроскопия) асқазан ішкі кілегейлі қабатын көзбен көру жатады.

Емі. Созылмалы гастриттің емі құрамды және нақтыланған болу керек. Бірінші орында дұрыс тамақтану тұрады. № 1 емдәм қолданылады. Науқас тамақты аз мөлшерде және жиі ішеді. Жағымсыз әсер ететін мәнбірлердің бәрі жойылу керек. Гастриттің емі асқазанның сөліне байланысты. Егер қышқылы жоғары болса оны азайтатын дәрі-дәрмектермен қолданады. Бұл топты антацид дәрілері деп атайды. Бұл топқа жататын дәрілер: алмагель, викалин, гастрофарм, гастросидин. Ал егер сөлі төмен болса, қалпына келтіру үшін табиғи асқазан сөлін тамақ алдында 30 минут бұрын береді. Ауырсынуды басу үшін спазмолитик тобының дәрілерін береді: папаверин, платифилин, но - шпа ертінділері. Ас қорыту дәрісін жақсарту үшін ферментті дәрілер береді: фестал, панзинорм, дигестал. Кейбір жағдайларда нәжісті жасырынды қанға тексергеннен соң физио емін қолданады: парафин, тоқтар, балшықпен емдеу. Санаторлық емді де қолдануға болады.

Алдын алуы. Екі түрі бар: алғашқы және екіншілік. Жедел гастритті уақытында емдеп шығу, алғашқы алдын алу түріне жатады, ал созылмалы гастриттің қайталанып келуіне қарсы қолданатын шаралар екіншілік түріне жатады. Созылмалы гастритпен сырқаттанатын науқастар диспансерлік тізімге алынады.

Бақылау сұрақтары

  1. Гастрит сырқатына анықтама беріңіз.

  2. Қандай мәнбірлер жедел гастритке әкеліп соқтырады?

  3. Асқазан сөліне байланысты созылмалы гастриттің қандай клиникалық түрлері бар?

  4. Созылмалы гастриттің емдік қағидасының негізі.

  5. Сізге таныс антацид тобына жататын дәрі – дәрмек түрлерін атап шығыңыз.

  6. Асқазан ауруларының алдын алу шараларына түсінік беріңіз.