Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Терапиядағы мейірбике ісі Баймагамбетова К.М..doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
9 Мб
Скачать
☆

Лимфогранулематоз

Бұл лимфоидтық тіннің ісік ауруы. Біріншіден өзгеріс лимфоидтық жүйеге жататын мүшеде пайда болады, кейіннен ісік торшалары басқа лимфа түйіндеріне және ішкі ағзаларға тарайды.

Клиникалық бейнесі. Сырқаттың жалпы белгілеріне әлсіздену, тез шаршағыштық, терлегіштік жатады. Науқастың дене қызуы көтеріліп, терісі қышынып, арықтайды. Сырқат 4 кезеңмен сипатталады. Бірінші кезеңінде аурудың белгілері аса білінбейді. Мойын және бұғана үсті бездері үлкейеді. Ұстағанда олар серпімді, тығыз болып келеді, ауырсынған белгі бермейді. Науқастың жалпы жағдайы онша өзгермейді. Сырқаттың екінші кезеңінде үлкейген лимфа түйіндерінің саны көбейеді. Олар тығыздала түседі, көрші тіндермен жабысып, шоғырланады. Науқастың жалпы жағдайы нашарлайды: әлсізденеді, тершеңдік байқалады, дене қызуы көтеріледі, терісі қышиды. Ұстағанда лимфа түйіндерінің ауырсынуы сезіледі. Сырқаттың үшінші кезеңінде айтылып кеткен клиникалық белгілер айқындала түседі, улану белгілері өрши түседі. Сырқаттың төртінші кезеңінде ағза түгелімен зақымдалады: ішек, бауыр, бүйрек, өкпе және басқа мүшелердің қызметі бұзылады. Бұл кезеңде жұқпа асқынулары жиі кездеседі.

Дерт анықтамасы. Клиникалық белгілеріне және қан анализінің көрсеткішіне, лимфа түйіндерін биопсия жолымен тексеріп, нәтижесіне сүйене отырып диагноз қойылады.

Емі. Сырқаттың емі кезеңіне байланысты. Бірінші - үшінші кезеңінде науқасты жазып шығару, ал төртінші кезеңінде аурудың ремиссиясын ұзарту мүмнкіндігі бар. Негізгі емі – сәуле емі болып табылады. Сәулеге зақымданған лимфа түйіндерімен қоса зақымдануы мүмкін лимфа түйіндері де түсіріледі. Сәулеге түсірілетін аймақтың көлемі зақымданған лимфа түйіндерінің орналасуына байланысты. Көп аймақты сәулелендіру тәсілінде алдымен зақымданған аймақ, содан кейін арнаулы үзілістен кейін көрші аймақтар емделінеді. Сәуле емімен қоса цитостатик дәрілеріде әртүрлі комбинациямен беріледі. Сырқаттың ауыр түрінде осы емдерді жүргізе отырып, көк бауырды алып тастайды.

Болжамы. Сырқаттың болжамы кезеңіне байланысты. Емделген жағдайда науқастың еңбекке деген қабілеті сақталады, аурудың қайталануы сирек байқалады.

Бақылау сұрақтары

  1. Лимфагрануломатоз ауруына жалпы түсінік беріңіз.

  2. Сырқаттың ағымында неше кезеңмен өтеді?

  3. Сырқаттың әр клиникалық кезеңіне сипаттама беріңіз.

  4. Сырқаттың негізгі емдік қағидасы туралы жалпы түсінік.

Геморрагиялық диатездер

(diathesis heamorrhagica)

Бұл қан ағумен сипатталатын бірнеше аурулардың жинағы. Себебіне байланысты геморрагиялық диатездер үш топқа бөлінеді. Бірінші топта қандағы тромбоциттердің мөлшері азайып, қан ұю дәрісі бұзылады (тромбоцитопениялық пурпуралар). Екінші топта тамыр қабырғалары өзгеріп, қанның ағуы күшейеді. Бұл Шенлейн – Генох ауруы деп аталады немесе геморрагиялық васкулит деп те аталады. Үшінші топта қан ұю дәрісінің бұзылғанынан геморрагиялық диатез дамиды. Бұл ауруды гемофилия деп атайды.

Тромбоцитопениялық пурпуралар

(purpura thrombocytopenica)

Қанда тромбоцит санының аздығынан пайда болатын ауру. Жиі жастар ауырады. Әйел адамдарда 2 – 3 ретке дейін жиі кездеседі.

Этиологиясы. Тромбоциттердің шамадан тыс көп ыдырауынан немесе олардың көп тұтынуынан және аз түзілуінен пайда болады. Тромбоциттер қызметінен айырылып, қан ұю дәрісінің бұзылуына әкеп соғады.

Клиникалық бейнесі. Сырқаттың негізгі белгісі ұрынғанда, соғылғында дене тез көгереді. Бұл терінің геморрагиясы және кілегей қабықтардан қан кетуі болып табылады. Еккен жерлерге көп мөлшерде қан құйылады. Бұл адамдарда шымшыма симптомдары жағымды болып көрінеді. Жиі мұрыннан, тістен, асқазан - ішек жолдарынан, жатырдан қан кетуі мүмкін. Бара – бара науқастарда қан аздық белгілері байқалады. Ауру толқынды түрде өтеді. Сырқаттың өрістеу кезеңінде клиникалық белгілері айқын білініп, қан ұю уақыты 10 – 30 минутке дейін созылады. Шеттік қанда тромбоциттердің саны азайған, морфологиялық түрде тромбоциттердің көлемі өскен және олардың түрі өзгерген. Гемоглобин және эритроцит мөлшері азаяды.

Дерт анықтамасы. Сырқаттың клиникалық белгілеріне (петехиалды дақ, қан кету белгілері, шетті қанда тромбоциттердің морфологиялық және мөлшерлік өзгерістері) сүйене отырып диагноз қойылады.

Емі. Емнің негізгі қағидасы глюкокортикоид гормондарын тағайындау. Сырқаттың бастапқы кезеңінде преднизолонның мөлшерін жеткілікті мөлшерде беріп, тромбоциттердің саны қалпына келгеннен кейін біртіндеп азайтады. Жергілікті қансырауда гемостатикалық сорғыш қолданылады. Сырқаттың ауыр түрінде спленэктомия (көк бауырды алып тастау) жасалады, себебі көк бауыр тромбоциттердің ыдырауын тоқтатады. Әрі қарай ота нәтижесіне қарай гормон мөлшерін біртіндеп азайтып, ең соңында оны беруді тоқтатады. Кейде плазмаферез нәтижелі болады. Тромбоцитопениялық пурпураның ауыр түрінде, өмірге қауып төнгенде қан құю қолданылады.