Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Терапиядағы мейірбике ісі Баймагамбетова К.М..doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
9 Мб
Скачать
☆

Пневмосклероз

Ол өкпе мен бронх тармақтарында дәнекер тінінің шамадан тыс көбеюімен сипатталатын патологиялық жағдай. Нәтижесінде өкпе тінінің қызметі нашарлағандықтан, газ алмасу дәрісін өзбетінше атқара алмай, қабілеттік қасиетінен біртіндеп айырылады.

Себептері. Созылмалы бронхит, жедел және созылмалы пневмониялар, өкпенің абсцессі, өкпе туберкулезі және басқа да тыныс алу мүшелерінің сырқаттары осы патологиялық жағдайдың дамуына әсер етуі мүмкін.

Патогенезі. Өкпедегі іріңді ошақтар орнында, қабыну дәрісі дамыған аймақтарда грануляция тіні дамуы мүмкін. Дәнекер тіні өкпенің паренхиматозды тінің жауып, капиллярлар қысылғандықтан өкпеде қан айналысы қиындап, тыныс алу дәрісі бұзылады.

Пневмосклероздың даму көлеміне байланысты жергілікті және диффузды түрлері болады.

Клиникалық бейнесі. Пневмосклероз белгілері біртіндеп білініп, басталады. Науқас ентігеді, әсіресе күш түскенде, кейіннен тыныш отырғанда да ентігеді. Науқасты қарағанда бүкіл денесінің тері жамылғысы көгеріп тұрады (диффузды цианоз), беті ісінеді. Пневмосклероздың айқын түрінде тықылдатқанда перкуторлық дыбыс топастанады. Аускультацияда дем алу дыбыстары сәл естіледі, кейбір жерлерде мүлдем жоғалады. Өкпенің пішіні солып, кішірейеді. Сыртқы тыныс алу көрсеткіштері төмендейді. Негізінде пневмосклероздың клиникалық бейнесі осы жағдайға әкеліп соқтырған сырқаттың белгілерімен сиппаталады. Пневмосклерозда диагноз қоюға рентгеноскопия және рентгенография әдістері көмектеседі. Рентгенограмманың суретінде өкпенің деформацияға ұшырағаны көрінеді (өкпе тінінің зақымданған жерлері кішірейген). Пневмосклероз – созылмалы дәріс қатарына жатады. Өтуіне қарай пневмония мен бронхоэктаз сырқаттарына ұқсас болады және осы сырқаттармен қабаттасып бірге жүреді. Пневмосклероз соңында жүрек жеткіліксіздік асқынуына әкеліп соқтыруы мүмкін.

Емі. Пневмосклерозбен қоса жүретін өкпе қабынуының қозу кезеңінде антибиотиктермен сульфаниламид тобының препараттарын қолданады. Егер бұның көмегі болмаса, ауыр жағдайларда бұларға қоса преднизалон 15 – 20 мг тәулігіне береді. Ентікпеде және өкпе жүрек жеткіліксіздігінде бронхолитик тобының дәрі-дәрмектерін, жүрек гликозидтерін, зәр айдайтын дәрілерін қолданады.

Алдын алуы. Бронхит, пневмония, бронхоэктаз ауруын және басқа да тыныс алу мушелерінің сырқаттарын уақытында емдеген жөн.

Бақылау сұрақтары

  1. Өкпе эмфиземасының және пневмосклероздың жалпы түсініктемесін айтып шығыңыз.

  2. Өкпе эмфиземасының клиникалық көрінісіне сипаттама беріңіз.

  3. Пневмосклероздың өкпе эмфиземасынан рентген суреттеріндегі патологиялық өзгерістердің бір – бірінен қандай айырмашылықтарын көруге болады?

  4. Өкпе сиымдылығын қай тексерістермен анықтауға болады?

  5. Аталған екі сырқаттардың емдік қағидасының негізі.

  6. “Симптомға қарсы ем” деген терминді қалай түсінесіз?

Өкпе обыры

Қазіргі кезде жиі кездесетін дерттер қатарына жатады, барлық қатерлі ісіктердің арасында 10%-де өкпе обыры орын алады, көбінесе ер адамдар сырқаттанады. Өкпе тінінің торшалары ретсіз бөлініп, ісік білінеді, біртіндеп өкпенің тіні өз қызметінен айырылып, ағза уыттана бастайды.

Этиологиясы. Өкпе обырының себебі, басқа қатерлі ісіктердің себептері сияқты толығымен зерттеліп, анықталынбаған. Бұл сырқат қала тұрғындарының ішінде жиі кездеседі, қаланың ауасында пайдаланылған газдың концентрациясы көп. Өкпе обырының дамуына болжамалы мәнбірлеріне шылым шегу, өндірістік сырқаттар қатары, созылмалы өкпе қабынуы жатады.

Жіктелуі. Ісіктің көлеміне, орналасуына байланысты келесі түрлері бар:

  • ұсақ қатерлі ісік (0,5 – 1 см), ол тез басқа ағзаларға тарайды;

  • обтуралдық, бітелу түрі – үлкен бронхта дамиды, бронхтың ішін бітеп ателектазға соқтырады;

  • түйінді – бронхтың айналасындағы тіндерге өседі;

  • бронхогендік – бронх жолымен таралып, түйін пайда болады;

  • өкпе қабыну тәрізді түрі, обыр алғашқы рет басталуы мүмкін;

  • метастаздық түрі – басқа ағзадағы обыр қан, лимфа арқылы таралып, өкпенің тініне обыр торшалары келіп түседі; көбіне асқазандағы, сүйектегі обырлар өкпеге тарап, тез өкпе тініне жайылады. Өкпеде алғашқы рет обырдың дамуы басталса, онда өкпедегі қатерлі ісік торшалары ең қарқынды кезеңде басқа ағзаларға тарайды.

Клиникалық бейнесі. Ең алғашқы кезеңіңде клиникалық белгілері өте аз білінеді, сондықтан сырқаттың белгілерін уақытылы танып білу қиынға соқтырады. Сырқаттың белгілері қатерлі ісіктің орналасуына, зияндығына және оның асқынуларына байланысты көріністері байқалады. Денедегі лимфа бездері шошынып, көлемі ұлғаяды.

Жиі кездесетін белгілерге - жігерлі құрғақ немесе қақырықты жөтел, кеуденің ауырсынуы, ентігу, қан аралас қақырық тастау жатады. Егер бронхыда қатерлі ісік дамуы көбейсе онда, жөтел жиілеп, ұстамалы түрде байқалады. Қақырық іріңді болса, ол бронхиттің дамуы және қатерлі ісіктің ыдырауынан пайда болғанын көрсетеді. Бронх обструкциясы мен өкпе қабынуы ілеспелі түрде байқалатын болса, ентікпе пайда болады. Қатерлі ісік немесе бронх кілегей қабаты зақымдалса қақырық қан аралас болады. Науқастың беті солыңқы келіп, дене салмағы азаяды. Обырдың ағымы клиникалық белгілерінің ұлғайып отыруымен сипатталады: жөтел күшейіп, ауырсынуы күннен күнге қозып отырады. Дерт анықтамалық белгінің бірі – жүргізіліп отырған емнің нәтижелісіз болуы. Тыныс алу жеткіліксіздігінің белгілері өрши түседі. Осы белгілердің бәрі үздіксіз түрде байқалынып отырады. Обырдың ағымындағы ең қауіптісі қан тамырлары зақымданғандықтан өкпеден қан кету болып саналады. Уыттану белгілерінің әсерінен (дене қызуының көтерілуі, бастың ауыруы, тамаққа тәбеттің тартпауы, ұйқысының бұзылуы т.б.) науқастың жалпы жағдайы нашарлайды.

Өкпені тықылдатқанда перкуторлық – топастық дыбыс, аускультацияда құрғақ және дымқыл сырылдар естіледі.

Жалпы қан анализінде: лейкоцитоз, ЭТЖ артады. Диагноз қою үшін цитологиялық тексеріс жүргізеді; өкпе тінінен биоптат алады. 90% сырқаттанушылардың қақырығында атипиялық торшалар табылады. Рентгенография, бронхоскопия, бронхография әдістері, рентгендік томограмма қатерлі ісіктің көлеңкесін, өкпе ателектазын, өзгерген лимфа бездерінің ұлғайғандығын көрсетеді.

Сырқаттың ағысы. Бұл сырқат түрінен зардап шегуші адамның өмірі 2-3 жылға ғана созылады. Уыттанудан, метастаз және басқа да асқынулар нәтижесіне шетінеуі мүмкін.

Асқынулары. Қансырау, өкпе абсцессі, ателектаз, геморрагиялық плеврит, метастаздар болып табылады.

Емі. Сырқаттың негізгі емдік қағидасы - өкпе торшаларының ретсіз бөліну дәрісін тежеуге бағытталған. Осы мақсатпен әр түрлі сәулені қолдану тәсілдерімен емдейді, сонымен қатар химиотерапия емін жүргізеді (цитостатиктер торшалардың бөліну дәрісін тежейді), ауырсынуды басу үшін жансыздандыру тобының дәрілерімен де қолданады, симптомға қарсы ем жүргізеді.

Алдын алуы. Тұрғындардың барлығы тегіс түрде жылына 1 рет рентген тексерісінен өтуі тиіс. Осымен қатар созылмалы өкпе сырқаттарын асқындырмай уақытында емдеп отыруы қажет.

Бақылау сұрақтары

  1. Сырқатқа жалпы түсініктеме беріңіз.

  2. Әкеліп соқтыратын болжамды мәнбірлерді атаңыз.

  3. Сырқаттың клиникалық бейнесіндегі басты ерекшеліктерінің негізі.

  4. Сырқаттың дерт анықтамасын жүргізу үшін қандай зертханалық және құрал – жабдық аппарат арқылы тексерістер түрлерін қолданады?

  5. Сырқаттың емдік қағидасының негізі.